Сарыағаш ауданының елді мекендерін дамытуға «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы бойынша Жартытөбе ауылдық округіндегі 11 көшенің 23,3 шақырымына, ал Қабланбек елді мекеніндегі 16 көшенің 18,8 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, аудан орталығы Сарыағаш қаласында ағымдағы жылы 3,7 шақырым көшеге орташа жөндеу жұмыстары басталды. Сонымен қатар, биыл «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» жобасы аясында республикалық бюджет есебінен ауданда 5 көшенің 9 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Ауданды ауыз сумен қамту бойынша бүгінде Атамекен елді мекеніндегі ауыз су жүйелерінің құрылысы жүруде. Мердігер мекеме: «ТВИК» ЖШС-і. Құрылыс жұмыстары аяқталған уақытта 210 абонент, яғни 2122 тұрғын таза ауыз сумен қамтылатын болады.
Аймақты көгілдер отынмен қамту жұмыстарына келсек, Атамекен елді мекенінде «Тоболино» АГТС газ қуаттылығын арттыратын станцияның құрылысы басталған. АГТС-тің өткізгіштік қуаты — 20000 нм3/сағ. Газ құбыры жүйесінің ұзындығы — 4,73 шақырым. Биыл құрылыс жұмыстары аяқталып, бірнеше елді мекен газбен қамтылатын болады.
Ауданда құрылыс жұмыстары қарқынды. Сарыағаш қаласының Самал шағын ауданында 900 орынға арналған мектеп құрылысы басталған. Мердігер мекеме: «Жаңа арна 2002» ЖШС-і. 2020 жылы құрылысы басталған мектеп 2021 жылы тамыз айында пайдалануға берілмек. Ғимараттың жалпы аумағы – 8324,2 шаршы метр. Жоспар бойынша мектептің оқу блогы, спортзалы, асханасы және шеберханасы бой көтереді.
Сарыағаш – шипайжайлы, емдік туризмі дамыған аймақ. Сұранысқа байланысты жыл сайын жаңа кешен бой көтереді. Мәселен, 2020 жылдың маусым айында құрылыс аяқталып, пайдалануға берілген «Дархан» шипажайы бүгінде 100 адамды қабылдауға қауқарлы. Емдік-сауықтыру кешенінде 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ем-домның 24 түрі бар. Одан бөлек, ақылы бірнеше қызмет көрсетіледі. Шипажай жылына 1300-ге жуық демалушы қабылдауды жоспарлауда. Кешенде емделудің орташа құны 12500 теңгені құрайды.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Пікір қалдыру