Түркістан облысы Мырзакенттегі жаңа шағынауданда Мақтааралдағы су тасқынынан зардап шеккендерге арналған 20 үйдің құрылысы қарқынды жүруде. Сегіз нысанның іргетасы құйылып, дуалдары қалануда. Ағымдағы жылдың тамыз айында 20 үйдің құрылысы аяқталады деп жоспарлануда.
Жаңа үйлердің құрылысы меценат Болат Назарбаев негізін қалаған «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорының қаржысына салынып жатыр.
«Мырзакенттегі құрылыс жұмыстарын жергілікті «Жетісай-Құрылыс» пен «Тіней-құрылыс» компаниялары жүргізуде. Осылайша аудандағы құрылысшыларға демеу болып, уақытша жұмыс орындарымен қамтып отырмыз. Қазіргі басты мақсатымыз — салынып жатқан үйлерді уақытында аяқтау. Жекеменшік үйлердің алғашқы кілттерін тамыз айының басында тапсыруды көздеп отырмыз.» — «Салиқалы ұрпақ» қорының ресми өкілі Нұрлан Байымбетов.
Төрт бөлмелі үйлер жалпы ауқымы 100 шаршы метр үлгілік жобасымен салынып жатыр. Тұрғызылып жатқан үйлер жаңа шағын ауданның екі көшесінің бойында орналасқан. Жиырма үйді тұрғызу жұмыстарына меценат 200 млн. теңгеге жуық қаражат бөлген.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Пікір қалдыру