ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛДЫҚТАРҒА «BIRGEMIZ» ҚОРЫ САЛЫП БЕРГЕН ЖАҢА ҮЙЛЕРІНЕ ҚОНЫСТАНДЫ

Мақтааралдықтар «Birgemiz» қоры салып берген жаңа үйлеріне қоныстанды

«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің аймақтарға сапары осы аптада Оңтүстік өңірде жалғасты. Ол алдымен ат басын Түркістанға тіреді.

«Мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың осыдан екі жыл бұрын Түркістанды жаңғырту туралы қабылдаған шешімі еліміз үшін үлкен тарихи оқиға болды. Түркі әлемінің маңызды рухани орталықтарының бірі – киелі көне қала жаңа мәртебеге ие болғаннан кейін алып құрылыс алаңына айналды. Қысқа мерзім ішінде түлеп, адам танымастай болып өзгерді.

Таяуда ғана қаладағы жаңа нысандарды аралаған кезінде Елбасы айтқандай, «Түркістанның ауқымды құрылысы тұтас өңірдің экономикалық дамуына зор септігін тигізіп отыр». Сондай-ақ, ол тұрғындардың өмір сүруіне жайлы жағдай жасаудың маңыздылығын да атап көрсетті. Бұл тапсырма партияның сайлауалды бағдарламасында көрініс тапты», — деп жазды Б.Байбек Facebook желісіндегі парақшасында.

Партия Төрағасының бірінші орынбасары Түркістан облысына сапар барысында жұртшылықпен және үкіметтік емес ұйым өкілдерімен бірге «Nur Otan» партиясының өңірлік және қалалық сайлауалды бағдарламаларының жобаларын талқылады.

Оның айтуынша, облыс тұрғындарынан 560-тан астам ұсыныс түскен. Оның ішінде ауыл шаруашылығын, коммуналдық инфрақұрылымды дамыту, жолдарды жөндеу және абаттандыру, білім беру мен денсаулық сақтау сапасын арттыру мәселелері бар. Барлық өтініш зерделеніп, бағдарламаны пысықтау кезінде ескеріледі.

Бауыржан Байбек бұдан соң биыл мамыр айында су басудан зардап шеккен Мақтаарал ауданына арнайы барды.

«Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен «Birgemiz» қоғамдық қоры Достық ауылының тұрғындарына арнап 20 үй салуға 340 миллион теңге бөлген еді. Партия филиалының басшысы, облыс әкімі Ө.Шөкеевпен бірге Мырзакент кентіндегі жаңа қоныстанушыларды баспаналарымен құттықтадық. Енді бұлар – саманнан емес, газоблоктан салынған көлемі 100 шаршы метрлік 4 бөлмелі үйлер. Сондай-ақ, қор қаржыландыруымен Фирдоуси ауылының тұрғындарына арнап салынып жатқан тағы 12 үйдің құрылысы қараша айының басында аяқталады.

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың үндеуіне қолдау білдіріп, мақтааралдықтарға гуманитарлық көмек, оның ішінде азық-түлік, жеке гигиеналық заттар, киім-кешек, төсек-орын жабдықтары мен құрылыс материалдарын жіберген барша партия мүшелеріне алғысымды білдіремін. Жігерлі жастарымыз бен белсенді волонтерларымызға ерекше рақмет! Су басқан өңірде 500 жасотандық бөгеттер көтеруге, азық-түлік жеткізуге және басқа шаруаларға тікелей көмектесті.

Қиын-қыстау кезеңде бір біріне қол ұшын беріп, қолдау көрсету – биік азаматтық пен жауапкершіліктің, қоғам кемелдігінің үздік үлгісі!», — деді Б.Байбек.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*