БАЛАРҒА ӘДЕБИЕТТІ ҚАЛАЙ ОҚЫТЫП ЖҮРМІЗ?

Әдебиет пәні  – қоғамтану пәні емес, әдебиет – тарих пәні емес, әдебиет пәні – әдебиеттану ғылымы емес, әдебиет пәні  – ақпарат құралы емес.   Айтылған мәселелерді аражігін дұрыс түсіну – оны оқытудың да өзіндік талап-таразысын көруімізге жол  ашады. 

ОҚУШЫ ҚАНДАЙ КЕЙІПКЕРЛЕРГЕ ЕЛІКТЕЙДІ?

Әдебиет – қоғамтану пәні емес, бірақ қоғамдық пән. Олай дейтініміз авторларды топтастырғанда  Егемен елдің сипатын көрсетуге құлшынып, тәуелсіздікті дәріптейтін шығармаларды енгізуге тырысқанымыз байқалады. Әдебиеттің ең алғаш қоғамдық пәндердің құрамына енгізіп, идеологиялық құралға айналдырғаны тарихтан мәлім. Бұдан әдебиетті идеялогия қаруына айналдыру керек деген ой тумаса керек. Дегенмен ертеңгі мемлекет тізгінін ұстайтын  буынның қандай боларына алаңдайтын қоғам – дұрыс бағыт-бағдар ұстанып, тұлғаны рухани кемелдендіруді көздеуі маңызды. Әдебиеттің рухани құндылық екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Бүгінгі оқушы қатыгездікті, кісі өлтіруге шімірікпейтін небір қаныпезер кейіпкерді  әлеуметтік желілерден күнде көріп отыр. ХХ ғасыр әдебиеті мен өнерінде туындаған ағым-бағыттарда супер адамның іс-әрекеттері дәріптеліп, ол өнердің бар саласында көрініс табуда. Оның философиялық теорияларын Ф.Ницшеден  түсінуімізге болады.  «Икс адамдар», «Тор», «Халк», «Бэтман», «Өрмекші адам», т.т. шексіз күшке ие болған қаһармандар оқушы сенетін күштер. Бүгінгі оқырманның белсенділігі кеміп, көрерменге ұсынылатын дүние талғам-сарапсыз кетіп жатқанын мойындамасақ болмайды. Оқырманның азаюына да қазіргі бағдарламалардағы келеңсіздіктердің үлесі бар. Мектепте әр сынып бойынша қандай оқу материалдарын ұсынып отырмыз. Қай авторлардан қандай мазмұндағы шығармаларды оқып отыр? Оқушының 11 сынып бойында оқитын әдебиетінен қандай образдар, тұлғалар бой көрсетеді? Оқушы қандай кейіпкерлермен қауышады, кімдерге еліктейді? Ертеңгі қоғам адамының тұлғалық қасиеттеріне кімдер үлгі деген сұрақтар қоюымыз да заңды. Оқушы қазақ қыздарының қиын тағдырымен ғана қауышып, отарлық езгіден бас көтермеген өткеніміз ғана айтылып жатқан жоқ па? Немесе дидактикалық-насихатқа құрылған, ұрандаған өлеңдерді ғана топтастырып беріп алғанымыз жоқ па? Бүгінгі оқырманның талап-сұранысын қанағаттандыратын шығармалар қайсы, мұның бәрін сараптай алдық па?  Оқушылардан сауалнамалар алып, олардың қандай шығармаларды оқығысы келетінін сараптайтын немесе жасөспірімнің  көркем әдебиет пен қоғамдағы эвалюциясына мониторингтер жүргізетін педагогикалық, психологиялық, әлеуметтік орталықтар бар ма? Негізі қазақ әдебиеті деген көл-көсір дүниенің барлық алқабынан көркем галерея құра алдық па?! Олай болса жаңартылған мазмұндағы бағдарламада неліктен әдеби материалдар шектен тыс қысқарып отыр?! Санаулы шығармалармен оқырманды қалай қалыптастырмақпыз?

ӘДЕБИЕТ ПӘНІН ОҚЫТУДАҒЫ ҚАТЕЛІКТЕР НЕДЕ?

Сонымен қатар жаңартылған мазмұндағы бағдарламаларда теориялық қателіктер мен бірқатар олқылықтарға жол берілген. Атап айтар болсақ:

Біріншіден, оқушыға алғашқы қойылған мақсат – «Көркем шығарманың мазмұны мен пішінін» талдау делінген. Мазмұн деген кең ұғым. Көркем шығарманың композициялық құрылымы: сюжет, образ, суреттеу, мекеншақ композициясы, мотив, т.т. барлығы қосылып келіп мазмұнды құрайды. Сұралып отырғаны қандай мазмұн екені беймәлім. Оқушы оқу әрекетіне түспей тұрып, қалай мазмұнды талдамақ?

Екінші оқу міндеті – «әдеби шығарманың тұжырымдамасы» делінген. Бұл жердегі түйткілдісі «тұжырымдама» деген сөздің қолданысында. Әдебиеттану ғылымында көркем шығарманың тақырыбы мен идеясы, өзекті ойы (мысль, выдумка, вымысел; намеренье, замысел). Десе де, әдеби шығарманың тұжырымдамасы делінбейді. Тұжырымдама ғылыми ізденістерге, ірі жобалар мен бағдарламаларға тән термин. Осыдан бағдарлама түзушілердің  мәтінді көркем шығарма деп танымай, барлық пәндерге ортақ оқу мәтіндері ғана  деп қарағаны байқалады.

Меніңше әдебиетте оқушының өзінің қабылдауы, түсінуі, түйсінуі есепке алып барып келесі оқу міндетіне қадам жасау маңызды. Біз әдебиетті оқытқанда ақпарат қана беріп отырғанымыз жоқ. Әр оқушы өзі қауышқан кейіпкерімен бірге өсіп жетілетінін, өмір тәжірибесіне жүгініп сарапқа салатынын ұмытпауымыз керек.

 

 

БУРАХАН АЙДАНА

ШҚББ #2 мамандандырылған

үш тілде оқытатын мектеп-интернатының коменданты

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*