«ҚАРТТАРЫМ -АСЫЛ ҚАЗЫНАМ». ҚАЛА ӘКІМІ АРДАГЕРЛЕРДІ ҚҰТТЫҚТАДЫ

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков 1 қазан — халықаралық Қарттар күніне орай ардагерлерді мерекелерімен құттықтады. «Қарттарым — асыл қазынам» атты мерекелік іс-шарада қала басшысы ыстық ықыласын жеткізді.

 

— Сіздерді халықаралық қарттар күні мейірім мен ізгілік мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Қарты бар үйдің шырағы сөнбейді. Бүгінгі құрмет-қошеметтің барлығы сіздерге арналады. Өздеріңізге айтар алғысымыз бен құрметіміз шексіз. Қазыналы қарияларымыздың қамсыз қарттығын қамтамасыз ету – біздің міндетіміз. Ең бастысы саналы ұрпақ пен жақындарыңыздың қамқорлығына бөленіп, ортамызда аман жүріңіздер! — деді қала әкімі.

 

Бүгінде қалада 88 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Оның ішінде 3 ұлы Отан соғысы ардагері мен 2 мыңнан астам тыл еңбеккері бар. Ақсақалдарға барынша қолдау көрсетіліп, өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында тиісті жұмыстар жүргізіліп отыр. Жақында ғана ашылған «Белсенді ұзақ өмір орталығы»  ардагерлердің уақытын тиімді өткізу үшін бар жағдайын жасаған. Түрлі спорттық сауықтыру бөлімдері, бассейн, денсаулығына қарайтын дәрігерлер мен психологтар жұмыс істейді. Барлығы 34 әлеуметтік қызмет көрсетеді.

 

Мерекелік іс-шарада елдің дамуына сүбелі үлес қосқан ардагерлер Шымкент қаласы әкімінің Алғыс хаты және Құрметті ардагер төс белгілермен марапатталды.

Бүгінгі жиында бейнеттің зейнетін көріп жүрген қарттардың көңілі жадырап, жанарында қуаныш сезілді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*