АУТИЗМГЕ ШАЛДЫҚҚАН БАЛАЛАР ЕУРОПАЛЫҚ ӘДІСПЕН ЕМДЕЛУДЕ

Елімізде соңғы жылдары аутизмге шалдыққан балалар са­ны көбейе бастады. Дамуы тежелген балалар айна­ла­сын­дағы адамдармен араласа алмай, тұйықталады немесе бір қимылды жалықпай қайталай береді. Баланың бойынан қандай да бір ауытқушылық байқаған ата-ана не істеуі керек? Аутизмнің емі бар ма?
Шымкент қаласындағы аутизмге шалдыққан және ақыл-ой дамуы тежелген балаларға арналған орталықта 110 бала оңалтудан өтуде. Ем-шаралар еуропалық әдіспен жүргізіледі.
 Мекеме сәуір айында іске қосылған. «Самұрық-Қазына» АҚ мен «Қазақстан халқына» қоры бірігіп ашқан 8 аутизм орталығының алғашқысы.
 Мұнда АВА терапиясы, эрготерапия, кинезиотерапия, робототерапия, емдік дене шынықтыру, еңбек терапиялары, арт-терапия, музыкалық терапия, қыш-құмыра бұйымдарын жасау бағыттары қарастырылған. Сонымен қатар сенсорлық ықпалдасу, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау, логопед, психолог және дефектолог мамандар қызмет көрсетеді.
Аутист бала­ларды өзін-өзі ұстауы мен мінез-құлқына қарап аңғаруға болады. Олар көзге тіке қара­майды, «көтер» деп қолға сұранбайды, қарны ашса да тамақ сұрамайды, бір жері ауыр­са оны сезбейді. Аутист баланың на­зарын бір жерге аудару өте қиын. Олар айт­қан сөзге мән бермейді, сұраққа жауап бер­мейді, есімін атап шақырсаң қарамайды. Мұн­дай жағдайда ата-аналар баласын керең деп ойлайды.
Аутизмді әр ел өзінше емдейді, соған қарай әдістемелік негіздері де әртүрлі. Жиі кездесетіні – мінез-құлықтық емдеу. Бұл әдіс АҚШ-та кең таралған. Оның негізінде қа­жетті қылықты, әрекетті қалыптастыру үшін сыртқы жағдайларды арнайы қам­та­м­асыз ету, әлеуметтік-тұрмыстық бейімделу, сөйлеу тілін дамыту, оқу немесе еңбек ету дағ­дыларына үйретуге болады. Аталған әдіс бойынша оқытылған балалардың 50-60 пайызы жалпы мектеп бағдарламасын мең­геріп, кейін орта, жоғары оқу орындарында оқуын жалғастырады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*