БИЫЛ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ АРАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОЛИМПИАДАДАН ШЫМКЕНТТІК 9 ОҚУШЫ ЖҮЛДЕЛІ ОРЫН АЛДЫ

Бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникациялық орталығында қаламыздың білім деңгейін халықаралық додаларда көрсетіп жүрген оқушылардың және олардың жетекшілерінің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.
Баспасөз мәжілісінде қалалық «Дарын» орталығының директоры Раушан Омарханқызы Джеренова қаламыздағы білім беру мекемелерінен дарынды оқушыларымызға көптеген мүмкіндіктер бар екендігін айтты. Жыл сайын қаламызда түрлі пәндік, ғылыми және зияткерлік конкурстар, халықаралық олимпиадаларға 70000-нан астам оқушы қатысуда. Пәндік олимпиадалар 4 кезеңнен тұрады. Мектепшілік, аудандық, қалалық және республикалық кезең. Пәндік олимпиадалар жаратылыстану-математика және қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша өтеді.
Раушан Омарханқызының айтуынша, дарынды балаларды қолдау, дамыту және әлеуметтендіру өте маңызды. Соңғы көрсеткіштерге сәйкес Шымкент қаласының олимпиадалық командасы халықаралық олимпиадалардың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының ең үздік олимпиадалық командасы болып танылған. Бұл қаланың басты жетістігі мен мақтанышы. Биыл республиканың құрама командасының қоржынына Шымкент қаласының 9 оқушысы 2 алтын, 5 күміс, 2 қола медаль салды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дарынды балаларды қолдау мақсатында биыл алғаш рет халықаралық зияткерлік сайыстардың жеңімпаздарына ақшалай сыйлықтар мен қазақстандық жоғары оқу орындарында білім алуға гранттар беріледі. Алтын медаль алған оқушыға 1500 АЕК, күміс медальға 1000 АЕК, қола медальға 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйлық беріледі. Мектеп оқушыларын жарысқа дайындаған ұстаздарға да біржолғы сыйақы беріледі.
«Басқа елдердің оқушыларымен бәсекелесу өте қызықты, маған математикадан есептерді шешу өте ұнайды, өйткені оларды әртүрлі елдердің үздік жетекшілері құрастырады. Әдетте, барлық тапсырмалар күрделігіне қарай тәртіппен жүреді. Үшінші категорияны шешу ең қызықты, олар креативті болады. Олимпиадаларда мен жауапкершілікті сезінемін, өйткені мен өз елімді, Қазақстанды таныстырамын», — деді 2023 жылы Белград қаласында өткен Еуропалық ЕgeO олимпиадасының күміс медаль иегері Серікбай Қанат Асхатұлы.
Бұдан бөлек баспасөз конференциясына Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушысы, 2023 жылы республикалық далалық Жас геологтар олимпиадасының күміс медаль иегері, 2023 жылы Индонезияның Бандунг қаласында өткен Халықаралық IGeO олимпиадасының қола медаль иегері, 2023 жылы Сербияның Белград қаласында өткен Еуропалық ЕGeO олимпиадасының қола медаль иегері, Сыдыков Арсен Мұратұлы, М.Х. Дулати атындағы үш тілде оқытатын №8 мамандандырылған гимназияның 11 сынып оқушысы, 2022 жылы Санкт-Петербург қаласындағы ИТМО Университетінде өткен жас ғалымдардың Халықаралық Конгресінің жеңімпазы, 2023 жылы Мәскеуде өткен «Ғылымға бастама» оқушылардың XVIII Халықаралық ғылыми-зерттеу және шығармашылық жұмыстар байқауының жеңімпазы Байжүрек Баязит, Серікбай Қанаттың ғылыми жетекшісі, химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің география пәні мұғалімі Өтебаев Нұрсұлтан Байжанұлы қатысты.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*