Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінде «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» тарихи оқиғасының 300 жылдығына арналған «Қазақты сансыратқан қанды қасап» атты іс-шара өтті.
Тағылымды басқосуда тарихшы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері ұлт басына түскен трагедияның жай-жапсарын әңгімелеп, одан қандай сабақ алуымыз керектігі жайлы тұшымды пікірлерін айтты.
Басқосуды Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі директорының орынбасары Гүлмира Серікбаева ашып, жүргізіп отырды.
Жиынға Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының аға оқытушысы, тарихшы Қабыл Алғабек, М.Әуезов атындағы ОҚУ аға оқытушысы Қасымбек Ғалым және Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының мәдениет және тарихи мәдени мұраны сақтау бөлімінің басшысы Ақбөпе Ермұханқызы қатысып, өз ойларын ортаға салды.
–Ата-бабаларымыз өздерінің көшпелі өмір салтына байланысты жайылымдарды тиімді пайдалану мақсатында бір-бірінен алшақ отыруға тырысқан. Әр рудың қыстауы бір-бірінен алыс орналасқандықтан олардың арасында қыс мезгілінде көп байланыс бола бермеген. Мұны жақсы білген жау қазақтарға қарсы жорықтарын үнемі қыстың соңғы айларында бастаған, сонда халқымыздың бас қосып, бірігіп, қуатты әскер шығара алмайтынын білген.
Оның үстіне Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін орталықтандырылған хандық билік әлсіреп, әр жүздің өз ханы сайлана бастаған. Бұл да ел мен жерді қорғайтын тұтас, қуатты әскердің құралуына кедергі болған. Міне, осындай тарихи алғышарттар қазақ халқының жоңғар басқыншыларынан ойсырай жеңілуіне әкеп соқтырған, – дейді Қабыл Алғабек.
Оның айтуынша, арадан үш жыл өткенде үш жүздің басы қосылып, Ордабасы құрылтайын өткізген соң ғана қазақ әскері ұлы жеңістерге жетіп, ата қонысын азат етті.
–Мемлекеттің ең басты функциясы – халықтың амандығы мен жердің тұтастығын ішкі дау мен сыртқы даудан қорғау. Яғни, қазіргі тілмен айтқанда ұлттық қауіпсіздікті сақтау. Ең жоғары дәрежедегі ұйымдастырушы аппаратымыз – тәуелсіз, дербес әрі қуатты мемлекетіміз болмаса, жеріміздің тұтастығын да, халқымыздың амандығын да қорғай алмаймыз. Демек, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атты тарихи оқиғадан алатын сабағымыз мынадай: қазіргі тәуелсіз мемлекетіміздің қадірін біліп, әрбіріміз ұлттық бірлікті нығайтуға күш салуымыз керек. Әйтпесе, еліміздің бірлігі әлсіреп, берекесі кеткен жағдайда тарихтағы қасіретті жағдайлардың қайталанбасына ешкім кепілдік бере алмайды, – дейді Қ.Алғабек.
Иә, «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, Алтау ала болса ауыздағы кетеді» деген сөз ешқашан өміршеңдігін жоймақ емес. Бабаларымыздың алауыздығы халқымыздың «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» душар болуына әкеп соқты. Бірақ, ел басына күн туған сол қиын-қыстау сәтте қазақтың хан-сұлтандары мен би-батырлары қайта бас қосып, бірлігін қалпына келтірді. Сол бірліктің арқасында қазақ ұлты халықтың сипаты мен мемлекеттілігін сақтап қалды. Сонда үш ғасыр бұрынғы тарихи оқиғадан алатын сабағымыз біреу ғана: ел бірлігі бәрінен қымбат.
Пікір қалдыру