ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 300 МЛН. АҚШ ДОЛЛАРЫ КӨЛЕМІНДЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУҒА КЕЛІСІМ ЖАСАЛДЫ

Түркістан облысына құны 300 млн. АҚШ долларын құрайтын инвестиция тартылып, 4 мың жұмыс орны ашылатын болды.  Аталған инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөніндегі меморандумға қол қойылды.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Xinjiang Lihua (Group) Co.,Ltd» компаниясының бас директоры Чжан Цихаймен кезекті рет кездесіп, маңызды мәселелерді талқылады. Аталған алпауыт компания Түркістан облысында мақта кластерін дамытуға инвестиция салады.
– Түркістан төрінде өзіңізбен тағы да жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Біздің мақсат – мақта кластерін дамытып, жұмыс орындарын көбейту, мақтаны экспортқа шығару. Осы жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетіледі, – деді Дархан Сатыбалды.
«Xinjiang Lihua (Group) Co.,Ltd» компаниясының бас директоры әріптестікке жол ашқан өңір басшысына алғысын жеткізді. Өңірде жоспарланған жобалардың сәтті жүзеге асарына сенімді екенін айтты.
Келісімге сәйкес, бұл компания Түркістан облысында бірнеше жобаны жүзеге асырмақ. Олар: «Тамшылатып суару өндірісі»; «Арнайы каналдарды қалпына келтіру және модернизациялау»; «Мақта талшығының өндірісі»; «Жіп иіру зауыты»; «Мата тоқу өндірісі» және «Киім шығару фабрикасы» жобалары.
Кездесуде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы мен «Xinjiang Lihua (Group) Co.,Ltd» компаниясының бас директоры Чжан Цихай меморандумға қол қойды.
Айта кетейік, бұл кездесуге дейін аталған компания өкілдерімен бірнеше кездесу болған. Облыс делегациясы инвесторлардың жұмысымен танысу мақсатында Тәжікстандағы мақта өндіретін өндіріс орындарына арнайы барып, қытайлық кәсіпкерлердің мақта өсірудегі технологиясымен танысқан болатын. «Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd» компанясы – тоқыма және тігін өнеркәсібі секторы бойынша Қытайдағы ірі кәсіпорын. Нарықта 20 жылдық тәжірбиесі бар.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*