Арыстық 10 мың тұрғын газбен қамтылатын болды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Арыс қаласындағы 6 шағын аудан халқы бүгін газбен қамтылды. 2020 жылдан бері тоқтап тұрған нысанның мәселесін шешу үшін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен маңызды жобаның жұмысы қайта жанданды. Нысан құрылысын аяқтап, әрі қарай халықты табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі «Жібек жолы — Келес газ» мекемесіне сенімгерлік басқаруға берілді. Мекеме міндеттеріне Арыс қаласының тұрғындарына үздіксіз табиғи газбен қамтамасыз ету және техникалық қажеттілігіне байланысты жөндеу (реконструкция және т.б.) жұмыстарын жүргізу кіреді. Компания қазанның соңына дейін 45 мыңнан астам халықты 100 пайыз газбен қамтуды жоспарлап отыр.
Бүгін Арыс қаласындағы «Почтовый», «Сырдария», «ШПЗ», «Хлопком», «Наурыз» тұрғын аудандарына табиғи газ берілді. Яғни бір күнде 2000 мыңға жуық тұрғын үй немесе 10 мыңға жуық халық газбен қамтылды. Тұрғындардың қуанышын бөлісуге Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды келді.
Түркістан облысында жылдар бойы тоқтап тұрған 40-қа жуық газ нысандарының мәселесі шешілді. 1,5 жылдың ішінде саладағы сақалды құрылыс ретке келтіріліп, 120 мың тұрғын үй табиғи газбен қамтылды. АГРС проблемасы жақын уақытта толық шешілмек. Бұл жұмыстар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының жіті бақылауымен жүзеге асуда.
– Бүгін расында көптен күткен қуанышты күн. Бұл мәселенің маңыздылығын түсініп, аз уақыт ішінде құрылысы аяқталмай тұрған инфрақұрылым нысандарын жалғастыруды қолға алдық. Басталған іс, біту керек. Облыс аумағындағы мұндай нысандар кезекпен шешілді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен, ауылды дамытуға күш салылған. Бұл жұмыстар тоқтамайды, – деді Дархан Амангелдіұлы.
Түркістан облысында былтыр 111 мыңнан астам халық газбен қамтылды. Бұл еліміздегі ең үлкен көрсеткіш. Яғни газбен қамтылған әрбір 3-ші ауыл Түркістан өңірінде орналасқан. Одан бөлек, соңғы 10 жыл аралығында құрылысы жүргізіліп, іске қосылмаған нысандарды қосу бойынша жұмыстар қарқын алды. Халық санымен есептегенде, 1 млн 650 мыңға жуық халық не облыс тұрғындарының 77,8 пайызы табиғи газбен қамтылған. Биыл газдандыру жұмыстарына 10,1 млрд теңге қаржы бөлінген. 71 нысан құрылысы жүргізіледі.
Пікір қалдыру