АРЫСТАҒЫ МҰНАЙ ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫ КЕЛЕШЕКТЕ ІШКІ НАРЫҚТЫ ҚАМТУДЫ ЖОСПАРЛАП ОТЫР

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Арыс қаласында мұнай өнімдерін өңдейтін зауыт жұмысымен танысты. «Қаратау Транс Сервис» зауыты мұнай өнімдерін өңдеумен айналысады.
Инвестиция көлемі 11 млрд. теңгені құраған. Зауыт басшылығы Арыста өндірілетін мұнай өнімдерімен ішкі нарықты қамтуды көздейді. Кәсіпкер өндіріс орнын кешенді дамытуға арналған алдағы жоспарларымен бөлісті.
Өндірісте 45 адам жұмыс істейді. Кәсіпорын жылына 125 мың тонна мұндай өнімдерін өңдейді. Оның ішінде, жылына 26 180 тонна жанармай, 28 000 тонна дизель отынын, 12 420 тонна керосин мен 54 250 тонна мазут өнімдерін шығарады. Зауыт кәсіпкердің жеке қаражат есебінен салынған.
Жұмыс сапары барысында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Арыс қаласында орналасқан «Арыс» минералды су ЖШС-нің жұмысымен танысты. Табиғи минералды суға сұраныс жоғары. Мұнда тәулігіне 15 мың құты, жылына 18 млн. литр минералды су сатылымға шығарылады. 20-дан астам арыстық азамат жұмыспен қамтылған. Шипалы сусын 1870 метр тереңдіктен алынады. Судың емдік қасиеті мол, ол жөнінде курортология институтының қорытындылары алынған. Табиғи минералды ауызсу Арыс қаласы мен Түркістан облысының өзге аудандарына және көрші облыстарға жөнелтілуде.
Облыс әкімі Арыс қаласында өндіріс саласы өркен жайып келе жатқанын атап өтті.
– Арыста соңғы жылдарда тартылған инвестиция көлемі едәуір ұлғайды. Біздің міндетіміз – инвестиция тарту ғана емес, жаңа жұмыс орындарын ашу. Оның ішінде, жергілікті халықты жұмыспен қамту басты назарда. Сондықтан, бұл жұмыстарды ширату керек, – деді өңір басшысы.

Сондай-ақ, осы күні Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс кестесіне сәйкес Арыс қаласы тұрғындарымен кездесті. Атқарылған жұмыстарды баяндап, өзекті мәселелерді қозғады. Мемлекет басшысының инвестиция тарту, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, су үнемдеу технологиясын енгізу жөнінде тапсырма бергеніне тоқталған облыс әкімі осы бағыттарда жұмыс жанданатынын айтты. Арыстың ажарын ашып, инфрақұрылымы мен әлеуетін көтеретін жұмыстарды баяндады.

– «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Арыс қаласында 2023 жылы 5 елді мекенде 947 млн. теңгеге 11 жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Жиделі, Ақдала елді мекендерінде Мәдениет үйінің, Қожатоғай елді мекенінде спорт залдың құрылысы, Атамекен, Сырдария елді мекендерінде 24 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл 5 елді мекенде 730 млн. теңгеге 8 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 770 млн. теңгеге 131 жоба қаржыландырылды. Сондай-ақ «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылдық жерлерге жолданған жас мамандарға қолдау көрсету мақсатында 2023 жылы 17 маманға 6 млн. теңге бір реттік көтерме жәрдемақы, 5 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 26 млн. теңге көлемінде бюджеттік несие берілді, – деген Дархан Сатыбалды Арыста өндірісті дамытып, зауыттар ашуға мүмкіндік мол екенін, осы бағытта жұмыс жүріп жатқанын жеткізді.

Арыста жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 23 пайызға өсіп, 2023 жылы 56 млрд. теңгеге жетті. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 36 пайызға өсіп, 2023 жылы 6 мыңға жетсе, олардың өндірген өнім көлемі 75 млрд.теңгені құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 34 пайызға өскен. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2023 жылы 9 млрд. теңгеден асып, жоспар 1,3 млрд. теңгеге артығымен орындалды.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*