ТО: ЖЕТІСАЙДА МАҚТА ТЕРІМІ БАСТАЛДЫ

Жетісай ауданында мақта терім науқанын алғашқы болып бастағандардың бірі «Айдар» шаруа қожалығының төрағасы Ербол Айтуғанов. Ол иелігіндегі 14 гектар жерге қытайлық «60» сортының шитін сепкен. Биыл шаруа гектарынан орта есеппен 50 центнерден өнім алуды жоспарлап отыр. Себебі, бұл сорттың бұған дейінгі мақта сорттарына қарағанда талшығы көп, шиті аз. Агротехникалық шаралары дұрыс жүргізілсе мол өнім алу мүмкіндігі де жоғары.

«Ағын судан, минералды тыңайтқыштардан биыл қиындық көрмеуіміздің нәтижесінде өнімділік жақсы. Алдын біз „Сұлтан“, „Мақтаарал“, „Бұқара“ деген сорттарды егетін едік. Өнім 20-25 центнерді құрайтын. Ал, қалғанын құрт жейтін. Биыл Қытайдың „60“ деген сортын ектік. Мол өнім алып жатырмыз», — дейді Ербол Айтуғанов.

Биылғы жылы Жетісай ауданындағы 79,3 мың гектар суармалы жердің 40,8 мың гектарына мақта шиті егілген. Қазірдің өзінде өңірде 200 тоннаға жуық мақта терілді. Науқанға 715 трактор мен 897 трактор тіркемелері, 232 мақта терім машиналары жұмылдырылып отыр.

Өткен жылы 122 мың тонна ақ ұлпа жинаған жетісайлық шаруалар биылғы жылы да сол межені орындауға ниетті. Өйткені, өнім сапасын арттырып, ағын суды үнемдеудің тиімді технологиясы саналатын тамшылатып суғару әдісі биылдың өзінде 2 мың гектарға артқан. Оның 300 гектардан астамы мақта дақылын өндірушілердің еншісінде.

Жалпы биыл Жетісай ауданында мақта сапасын арттыру мақсатында жаңа тәсілмен мақта егілген. Шетелдік тәжірибе негізінде қолға алынған жаңа су үнемдеу технологиясы өз тиімділігін көрсетіп отыр. Шаруалардың айтуынша, алғашқы нәтижесі таңқаларлық жетістік беріп отыр. Жаңа су үнемдеу технологиялары суды, электр қуатын, еңбек ресурстарын және минералды тыңайтқыштарды үнемдей отырып, гектарынан 60-65 центнерден өнім алуға мүмкіндік береді. Бұл облыстың орташа көрсеткішінен 2,5 есеге жоғары.
Қазақстандық мақта талшығы сапасының төмендігінен әлемдік нарықта сұраныс болмауда. Жаңа технологияны ендіру есебінен өнімділікпен қатар, мақта талшығының бәсекелестік әлеуеті ұлғаяды. Жалпы өңірде мақта шаруашылығын дамыту бойынша бірнеше мақта – тоқыма кластері құрылады. Жобаны толық іске асыру нәтижесінде мақта бағасына тәуелділік толығымен жойылады.
Жаңа технологиялық әдіс арқылы дәлдікпен егілген шит тұқымы тез өсіп, жетіледі. Тамшылатып суарудың нәтижесінде қоза көсегі түгелдей ашылып, өнім көрсеткіші кемінде 2 есе артады. Тиімді тұқым себу тәсілін бастаған шаруалар, өзгелерге үлгі көрсетті. Жаңа инновациялық тәсілдің тиімділігіне көзі жеткен диқандар осы әдіске өтпекші. Бұл агросалаға серпін беріп, өнім көлемін едәуір ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды шаруалармен кездесіп, жайқалып өскен жаңа алқаптарды аралады. Жетісай ауданының шаруалары қытайлық диқандармен кеңесе отырып, жаңа әдіспен мақта егіп, бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізді.
– Былтыр облыс әкімінің тапсырмасымен тәжірибе жинақтау үшін аудан әкімімен бірге жергілікті бизнесмендер жиналып, Қытайға бардық. Сонда сол жақтың фермерлерімен сөйлескен болатынбыз. Жетісай ауданына қарасты Жүйнек ауылында 130 гектар жерге тамшылатып суару арқылы мақта ектік. Су үнемдейтін жаңа тәсілді басқа шаруалар көріп, таң қалып жатыр. Бұл бұрын сор басып кеткен жер болатын. Мақта егуге болатынына ешкім сенбеген. Бастаманың нәтижесі керемет. Алып – қашпа әңгімелердің бос сөз екеніне көзіміз жетті. Қазақстанда рұқсат етілген тыңайтқыштарды ғана пайдаландық. Бәрі заңды. Әрі қарай осы тәжірибені пайдаланып, алқаптың ауқымын артырамыз деген ойдамыз, – деді Қанат Көшербаев.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*