Спорт – денсаулық кепілі. Мемлекетімізде ел тұрғындарының арасында дене шынықтыру мен спорт саласын кеңінен насихаттап, бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлуінің нәтижесінде спортты жанына серік етіп, түрлі деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындарға жетіп жүрген жасөспірімдердің саны күн санап артып келеді.
Өйткені, спорт – біріншіден, мемлекеттің мәртебесін, ұлттың намысын айқындайтын көрсеткіш болса, екіншіден, азаматтардың өмір сүру ұзақтығын қалыптастыратын, саламатты ұрпақ тәрбиелеудің негізгі тетігі есептеледі.
Ел ертеңі саналатын жастарды спортқа баулу мақсатында нәтижелі жұмыс жүргізіп келе жатқан «Жетісай спорт клубы» КММ бүгін 2023 – 2024 оқу жылында халықаралық, республикалық, облыстық дәрежеде өткен дүбірлі додаларда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп жүрген жасөспірім спортшыларды марапаттап, сый-сияпат жасады.
Аталмыш шараға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев, ауданның төбе биі, спорт ардагері Жахангир Айнабеков, «Алпамыс батыр», «Көк Түріктер қағанаты» республикалық қоғамдық қорларының Президенті, «Ерен Еңбегі үшін» медалінің иегері, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, кәсәпкер-меценат Бауыржан Оңғарбаев пен «Жетісай спорт клубы» КММ директоры Таласхан Битуреев, бапкерлер мен ата-аналар қатысты.
Аудан мерейін үстем етіп, өткізілген спорттық жарыстарда жүлдегер атанған саңлақ спортшыларды ұлықтау, жетістіктерін кейінгілерге үлгі ету мақсатында «Жетісай спорт клубы» КММ директоры Таласхан Битуреевтің алғыс хаттары, «Алпамыс батыр» республикалық қоғамдық қорының «Бекзат Саттарханов» атындағы медалі мен қор төрағасы Бауыржан Оңғараевтың арнайы қаржылай жүлделері табыс етілді.
«Спорт – тәрбие құралы. Жас ұрпақтың жүрегіне Отансүйгіштік сезімін қалыптастыру үшін таптырмас көмекші. Себебі, спортты жақсы көрмейтін бала кемде-кем. Спортты сүю, оны серік етуге баулу арқылы балаға тек салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймаймыз, сонымен қатар, бойларында еңбекқорлық, төзімділік, әділдік сияқты жоғары қасиеттерді де қалыптастырамыз. Спортпен айналысатын жастар көшенің теріс ықпалынан алшақтап, зиянды әдеттерден аулақ болады» дейді аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев.
Әрбір істің қайтымы болғанындай спортшыларға көрсетілген құрметтің қайтарымы – байрақты бәсекелерде ел абыройын асқақтатып, Әнұранымызды көкте шырқатар саңлақтардың сапында болу. Аталмыш салтанатты шарадағы марапат әрбір спортшының алдына осындай мақсат қойғандай.
Пікір қалдыру