ТҮРКІСТАНДА БОКСТАН ӘБДІСАЛАН НҰРМАХАНОВ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАРЫС БАСТАЛДЫ

Түркістанда даңқты боксшы, КСРО-ға еңбек сіңірген спорт шебері, кезінде Қазақстан ұлттық құрамасын баптаған бапкер Әбдісалан Нұрмахановты еске алуға арналған бокстан ересектер арасында ХХХ халықаралық турнир тағы да жалауын көтерді.

Бокс бәсекесіне еліміздің 15 аймағынан және көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Камбоджа мемлекеттерінен іріктелген 145 былғары қолғап шебері 13 салмақ дәрежесінде мықтыларды анықтайды.

Дәстүрлі турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков пен Әбдісалан ағаның жұбайы Күлпаш Шаймерденова жарысқа қатысушы спортшыларды құттықтап, баршасына сәттілік тіледі.

Айтулы бокс бәсекесін Түркістан облысының әкімдігі мен Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебі жоғары дәрежеде ұйымдастырды. Халықаралық деңгейдегі бокс додасы жайында Түркістан облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Шынболат Райханов жан-жақты баяндап берді.

Ринг төріндегі жұдырықты жігіттердің жекпе-жектері 18-24 шілде күндеріне жоспарланған. Турнир «Olympic Center» спорт кешенінде өтіп жатыр.

Еске салайық, Әбдісалан Нұрмаханов (19 сәуір 1936 жылы, Өзбекстан, Сұрхандария облысы, Шыршық ауданы, Күлтөбе ауылы – 14 шілде 2002 жылы, Алматы) – боксшы, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері (1966 жылы), Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Қазақстанның 10 дүркін чемпионы (1957 – 1967 жылдары), КСРО чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері (1957, 1962 жылдары), КСРО халықтары спартакиадасының екі мәрте қола жүлдегері (1959, 1967 жылдары), Азия-Африка ойындарының жеңімпазы (1963 жылы).

Ә.Нұрмахановтың құрметіне Түркістанда дәстүрлі бокс бәсекесінің ұйымдастырылуы да заңды. Себебі ол кісінің ұлтына сіңірген еңбегі көп. Әбекең боксшы ретінде ғана туған халқының намысын көтеріп қойған жоқ, ғалым ретінде де осы саланың дамуына үлес қосты. Ал бапкерлік қызметте Нұрмахановтың спорттағы екінші дәурені басталды десек, артық айтқандық емес. Әбекең бірнеше жыл Қазақ физкультура институтында кафедра меңгерушісі, проректор болып қызмет істеді. Әбекеңнің кейін Олимпиада чемпионы болған Ермахан Ыбрайымовтың қабілет-қарымын ерте аңдап, бауырына тартып, өз баласындай үйіне тұрғызғаны да – біле білген жанға тәлімі мол жағдай.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*