Республика күніне орай Шымкентте қаланың көптеген нүктелерінен көрінетін жаңа символ пайда болды. Shymkent City шағын ауданында биіктігі 100 метрлік ту бағанасында мемлекеттік ту салтанатты түрде көтерілді. Көлемі 30×15 метрлік үлкен ту қаланың ең биік нүктесінде желбіреп, патриотизмнің жаңа белгісі мен символына айналды.
Tulip Hall орталығының жанына флагшток орнату бұл жерді жаңа көрнекті орынға айналдырды. Жаңа флагштоктың биіктігі Ордабасы алаңындағы 50 метрлік флагштоктан едәуір асып түседі, Бұл Шымкент қаласының серпінді дамуын және қаланың жаңа биіктерге ұмтылуын көрсетеді.
Шымкент тұрғындары мен қонақтары атап өткендей, жоғары көтерілген ту барлығын бір тудың астына біріктіре отырып, ерекше бірлік пен мақтаныш сезімін тудырады.
Қазіргі таңда Қазақстан еліміздің көркеюі жолында барлық қиындықтарды бағындырып, әлемдік саяси аренада өз орнын тапқан мемлекетке айналды. Ұлттық тіліміз, дініміз, діліміз, рәміздеріміз арқылы азаттығымыз бен қазақтығымыз айқындалды. Мұның бәріне берекелі бірлік пен еңселі еңбектің, тұрақтылық пен ынтымақ арқасында қол жетті. Сондықтан ұлттық мерекеміздің мәнін ұғынып, оның тарихын білу – барша қазақстандықтардың міндеті.
Республика күні – ел тарихындағы маңызды бетбұрыс. Ол тек мереке емес, біздің егемендігімізді, еркіндігімізді және ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін күн. Бұл күн бізді мақтаныш сезіміне бөлеумен қатар, елдің болашағы үшін жауапкершілік сезінуге де шақырады. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз мәңгі болсын
Пікір қалдыру