Еліміздің үшінші мегаполисі жасыл желекке оранған, қызылды-жасылды гүлге толы ерекше қала екені белгілі. Айта кеткен жөн, шаһарды одан сайын гүлдендіріп, көркейту, мегаполистің микроклиматын қалыптастырып, жасыл желекті көбейту мәселелерін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков тікелей өз бақылауында ұстайды.
Күні кеше қала басшысы тұрғындармен бірге жаңа аллеяның ашылуына қатысты. Желтоқсан көшесінде демеушілер есебінен салынған демалыс аймағының жалпы ауданы шамамен төрт мың шаршы метрді құрайды. Халыққа ыңғайлы болу үшін жаяу жүргіншілер жолының бойында заманауи жарықтандыру шамдары, орындықтар, шағын сәулет нысандары орнатылды, сондай-ақ суармалы көгалдар қарастырылып, жасыл желектер отырғызылды.
Қала әкімінің тапсырмасы бойынша қазіргі уақытта Еңбекші ауданында тағы бір сквердің құрылысы жүргізілуде.
Жібек жолы, Сайрам көшелерінің қиылысында жаңа серуендеу аймағы пайда болады. Бұл жоба да бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылады.
Шымкент қаласындағы Игілік тұрғын алабы, Баба ата көшесінің бойындағы жасыл белдеу кезінде жеке тұлғаларға қойма құрылысы үшін берілген болатын. Әйтсе де, жергілікті тұрғындар мегаполис басшысымен кездесуде жасыл белдеу аумағын жеке тұлғаға бермеуін сұрап, жасыл белдеуді орнында қалдыру бойынша өтініш білдірді.
Шымшаһардың әкімі Ғабит Сыздықбеков халықтың өтінішін ескере отырып, жасыл белдеу аумағын өз орнында қалдыру бойынша тапсырма берді.
Сөйтіп қала басшысының тапсырмасымен, сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы аталған жерге зерделеу жұмысын жүргізді. Соның нәтижесінде, 1,4 гектар аумақтың нысаналы мақсаты «Қойма жайлары және темір базасы құрылысын салу үшін», «Шебер Юг» ЖШС-не,«Шымкент құс» ЖШС-не және кәсіпкерге жеке меншік құқығымен рәсімделгені анықталды.
Алайда бас жоспар бойынша аталған жер учаскесі жасыл желек аумағында орналасқандықтан, мемлекет мұқтаждығына алынады. Соған орай, бүгінгі күні тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Тоқтала кететін бір жәйт: қазір әлеуметтік желіде жасыл белдеуде ағаштар кесіліп жатқаны туралы ақпарат тарап жатқан көрінеді. Шымкент әкімінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Әкімдік аумақта кәсіпкерлер тарапынан ағаш кесу деректері орын алмағанын хабарлады. Тұрғындардың тек ресми ақпарат көзіне сенуін сұрайды.
Бұл мәселе қала әкімінің жеке бақылауында.
Пікір қалдыру