ТҮРКІСТАНДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН ӘЛЕМ КУБОГІ БАСТАЛДЫ

Түркістан қаласындағы «Олимпик Арена» спорт кешенінде қазақ күресінен ересектер арасындағы Қажымұқан Мұңайтпасұлының жүлдесіне арналған Әлем кубогінің алғашқы күні өтуде.
Дүбірлі додаға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Грузия, Польша, Қытай, Әзербайжан, Моңғолия және Тәжікстан сынды 9 елден келген 150-ге жуық спортшы қатысып, өзара мықтыларды анықтауда. Балуандар 8 салмақ дәрежесінде: 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100 және +100 келіде белдеспек.
Бұл турнир қазақ күресінің халықаралық аренадағы беделін арттырып, төл спорт түрімізді әлемге танытуда маңызды қадам болып табылады.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай сыйлықтар қарастырылған. Сонымен қатар, жеңімпаз спортшылардың жаттықтырушыларына да арнайы сыйақы беріледі.
Қазақ күресінің мәртебесін көтеретін халықаралық деңгейдегі бұл турнир 26 қарашаға дейін жалғасады.
Айта кетейік, Түркістан қаласында республикалық және халықаралық спорттық жарыстарды, сондай-ақ бұқаралық спорттық іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік беретін бірқатар спорт нысандары бар. Солардың бірі дәл осы «Олимпик Арена» спорт кешені.  Спорттың түр-түрімен жылдың 4 мезгілінде де үздіксіз айналысуға болады. Командалық ойын түрлері залы, 50 метрлік бассейні, медицина орталығы өте жақсы жобамен салынған. Бұл кешен біздің жасөспірімдер, жастар үшін өте керемет нысан. Жалпы аумағы – 13 246 шаршы метр. Мұнда спорттың бірнеше түрінен халықаралық додаларды өткізуге мүмкіндік бар. 1000 адам сыятын әмбебап спорт залында шағын футбол, баскетбол, гандбол, волейбол, үстел теннисі және өзге де спорт түрлерін дамытуға мүмкіндік жасалған. 9 жүзу жолағы бар, ұзындығы 50 метрлік бассейн де халық игілігіне берілді. Ашық аспан астындағы бассейннің қасында бір мезгілде 200 адам күнге қыздырынып, жарысты тамашалай алады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*