ШЫМКЕНТ: БАЛАЛАР ОЙЫН АЛАҢШАЛАРЫНЫҢ САҚТАЛУЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ

Шырайлы Шымкент — еліміздегі үшінші магаполис. Қолайлы ортасымен, жағымды атмосферасымен адамдарды өзіне баурайтын шаһардың жағдайы күн санап жақсарып келеді. Әдемі көшелер, көз тартар ғимараттар мен тұрғындар үшін қауіпсіз демалыс орындары. Әр тұрғын үйдің алдында балалардың игілігіне берілген ойын мен спорт алаңшалары бар.  Қаламызда жыл сайын көшелер мен аулаларды абаттандыру бағытында үлкен көлемдегі жұмыстар жүргізілуде. Көпқабатты үйлердің аулаларында жаңа спорт және балалар ойын алаңдары салынып, тұрғындардың жайлылығы мен қолайлығын арттыру үшін түрлі шаралар жүзеге асырылуда.
Өкінішке қарай, қазіргі таңда балалар мен спорт алаңдарының сақталуы өзекті мәселеге айналып отыр. Қала тұрғы ретінде сіздер ауладағы тазалыққа мән беріп, балаларды ойын алаңдарының жабдықтарын ұқыпты пайдалануға үйретуге ерекше көңіл бөлулеріңіз қажет. Көп жағдайда алаңдардың бүлінуіне тұрғындардың жауапсыздығы мен құралдарды дұрыс пайдаланбауы себеп болып жатады.
Қала әкімі «баршаңызды аула мүлкіне ұқыптылықпен қарап, қамқорлық танытуға шақырамын. Егер вандализм әрекетінің куәсі болсаңыз, бейжай қарамай, құқықбұзушылықтар туралы дереу полицияға хабарлауыңызды сұраймын», — деді.
 Шымкент қаласында 2021 жылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасының аясында бірқатар жобалар жүзеге асып келеді. Биыл тұжырымдаманың «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында аулаларды абаттандырып, жаңа заманауи балалар ойын алаңшалары салынып жатыр. Десе де, көпшілікке ортақ дүние болғандықтан, қоғамдық пайдалануға берілгеннен кейін түрлі келеңсіз жайттардың болатыны анық. Орындықтардың сынуы, ойын әткеншектерінің бұзыруы байқалған жайттар бар. Әрбір тұрғын өз ауласына жанашырлықпен қарап, сырттан келгендерді бақылай отырса, өз баласының дамуына қажетті дүниелерге ұқыптылықпен барап отыру жауапкершілігіне алса нұр үстіне нұр.
«Заманына қарай адамы» деген, бүгінгі балалардың ойыны да – виртуалды. Компьютер заманында бұл баланың болашағына керек болар. Десе де асыр салып ойнап, қызық қуып жүріп өскен баланың санасы өзгеше болады.  Елдің ертеңі болған өскелең ұрпақтың санасына әсер етер барлық дүниелерге сақтықпен қарайық.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*