ШЫМКЕНТ: ТҰРҒЫНДАР ӘКІМНЕН ҚАЛАДА АЛЛЕЯЛАРДЫ КӨБЕЙТУДІ СҰРАДЫ

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың қала халқымен кездесуі барысында тұрғындар шаһарда аллея, саябақтарды көбейтуді сұрады.

Қала асшысының Әл-Фараби ауданы тұрғындарымен кездесуі барысында табиғат жанашыры Гүлнар Өтебаева, Ғабит Әбдімажитұлы қалаға әкім болып келе сала, аллея, саябақ секілді демалыс орындарын салуды қолға алғаны үшін алғыс айтты.

«Сіз Шымкентке келгелі бірнеше аллеяның лентасын қиып, тұрғындардың ризашылығына бөлендіңіз. Балаларымыз үшін мұндай жобалардың орны ерекше. Себебі, олар онда ойнап, таза ауада демалысын жақсы өткізе алады. Әйтпесе көлік шуы мен жан-жақты заңды-заңсыз салынып жатқан құрылыс нысандарынан тас қалаға айналып барамыз. Осы Рысқұлов көшесі мен Жібек жолы көшесі қиылысындағы Атлант сауда үйнің алдында бос жер болатын. Сол жерге де сквер саламыз деген әңгімелер болған еді. Сол жердің құрылысы қаша басталады? Мұнан өзге біздегі көпқабатты тұрғын үйлердің арасы тым тығыз орналасқан, олардың арасынан да жер тауып демалыс орындарын қарастырсаңыздар екен»,-деп сұрады ол.

Өз кезегінде қала әкімі саябақ, аллея, сквер салу жұмыстары тоқтамайтынын айтады. Тіпті, халық «бұл әкім тек парк салумен айналысып кетті» десе де, Шымкент жасыл желекті қалаға айналуы тиіс деген ұстанымын жасырмады.

«Сіз айтқан ол орында құрылыс жұмыстары басталды. Қазір жер бетін тегістеу жұмыстары жүріп жатыр. Ол маңайдағы автожуу бекеті де бұзылатын болады. Мұнан өзге ол жерде жаңбыр, қар жауса су басатын еді. Сол себепті, ирригациялық жүйелерін реттеп, су қашыртқы құбырларын ауыстыратын боламыз. Уайымдамаңыз, бұл бағыттағы жұмыстар тоқтамайды. Еуропадағыдай жасыл желекті қала болуымыз керек. Бәз біреулер қанша айтса да, біз аллея, сквер, саябақ салуды тоқтатпаймыз»,-деді қала әкімі.

Айта кету керек, мұнан өзге қаладағы Қызылжар шағын ауданында да демалыс орны салынатын болады. Тұрғындардың сұрауы бойынша құрылысы басталған бұл нысан, жеке кәсіпкерлер есебінен жүзеге асып жатыр.

 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*