Ұлттық қолөнер – тәрбие бастауы: ТҮРКІСТАНДА БАЛАЛАРҒА ШЕБЕРЛІК САБАҚ ӨТКІЗІЛДІ

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі аясында №10 кітапхана-филиалының ұйымдастыруымен «Ұлттық қолөнер – тәрбие бастауы» атты шеберлік сағаты өтті. Шараға қала тұрғыны, қолөнер шебері Ештаева Гүлзира арнайы шақырылып, жас оқырмандарға ұлттық өнердің қыр-сырын үйретіп, өз тәжірибесімен бөлісті.

Іс-шара барысында қатысушыларға ұлттық қолөнердің түрлері – киіз басу, кесте тігу, сырмақ сыру, зергерлік бұйымдар жасау, қамшы өру және тағы басқа дәстүрлі өнер түрлері туралы мәлімет берілді. Шеберлік сағатының негізгі мақсаты – қазақ халқының бай мұрасын насихаттап, оқушыларды ұлттық құндылықтарды құрметтеуге баулу, сонымен қатар олардың қолөнерге деген қызығушылығын арттыру.

Ештаева Гүлзира балаларға өз қолымен жасаған бұйымдарын көрсетіп, олардың жасалу жолдарын таныстырды. Қолөнердің әрбір элементінде еңбек пен төзім, ұқыптылық пен талғам жатқанын ерекше атап өтті. Балалар өз қолымен түрлі бұйымдар жасап көруге тырысып, бұл өнерге деген қызығушылықтарын жасырмады.

Түркістандық оқушылардың жан-жақтылығы, өнерге деген ынтасы мен шеберлікке бейімділігі осындай шараларда анық байқалады. Олар тек оқу мен кітап оқуға ғана емес, сонымен қатар шығармашылық бағыттағы іс-шараларға да белсене қатысады. Бұл – олардың жан-жақты тұлға болып қалыптасуына үлкен ықпал етеді. Ұлттық қолөнерге деген қызығушылық – балалар бойында ұлтқа деген сүйіспеншілік пен рухани байланыс қалыптастырады.

Қолөнер – тек үйренуге арналған іс емес, ол – баланың логикалық ойлауын дамытатын, қол қимылын жетілдіретін, эстетикалық талғамын тәрбиелейтін маңызды құрал. Сонымен қатар, баланың сабырлылық пен төзімділікке үйренуіне де ықпал етеді. Ұлттық бұйымдарды жасау арқылы олар халқымыздың тарихын, тұрмыс-салтын, дүниетанымын тереңірек ұғынады.

Шара соңында кітапхана қызметкерлері қолөнер тақырыбында ұйымдастырылған әдебиеттер көрмесімен таныстырып, ұлттық мәдениетке қатысты кітаптарды ұсынды. Балалар сол жерде кітаптарды қызыға парақтап, қолөнер туралы қосымша мәліметтермен танысты.

Мұндай шеберлік сағаттары – ұмытылып бара жатқан ұлттық өнерді қайта жаңғыртуға, оны өскелең ұрпақтың бойына сіңіруге жасалған нақты қадам. Кітапхана тек білім мен тәрбие ордасы ғана емес, ұлттық мұраны насихаттайтын, жас ұрпаққа рухани бағыт беретін маңызды мекеме екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*