
Биыл қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушы, философ Абай Құнанбайұлының туғанына 150 жыл толып отыр. Осы атаулы мереке аясында еліміз бойынша көптеген мәдени-ағартушылық шаралар қолға алынып жатса, соның бірі – Түркістан қаласында өткен «Абай оқулары» байқауы. Шараны Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасының бастамасымен, Түркістан қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырды.
Абай – қазақ руханиятының темірқазығы, ұлт мәдениетінің шамшырағы. Оның поэзиясы мен философиялық көзқарастары ұрпақтан-ұрпаққа өнеге болып келе жатыр. Сол мұраны кеңінен насихаттап, жас буынға тереңінен таныстыру мақсатында өткен бұл байқау – рухани тәрбиенің жарқын үлгісі болды.
Байқау үш кезең бойынша ұйымдастырылды:
Бірінші кезең – «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» номинациясы бойынша қатысушылар Абайдың он өлеңін жатқа мәнерлеп айтып, ақын поэзиясының тереңдігін, тіл байлығын, мазмұн маңызын аша білді. Бұл кезеңде оқушылардың тіл тазалығы, мәнерлеп оқу қабілеті бағаланды.
Екінші кезеңде – «Абайдың қара сөздері» номинациясы бойынша қатысушылар ұлы ойшылдың қара сөздерін жатқа айтып, мән-мағынасын түсіндіруге тырысты. Абайдың философиялық көзқарасын, адамгершілік пен имандылық туралы ойларын меңгергендерін көрсетті.
Үшінші кезең – «Абайдың ақын шәкірттерінің шығармалары» номинациясында Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ақылбай Абайұлы және Мағауия Абайұлының шығармаларынан үзінділер жатқа айтылып, Абай мектебінің жалғасқан әдеби бағыты насихатталды.
Байқауға барлығы 5 кітапханашы мен 5 оқырманнан құралған жұптар қатысты. Қатысушылардың өнерін бағалаған әділқазылар алқасы құрамында:
– Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасының абонемент бөлім басшысы Ешманова Гүлназ,
– тарих ғылымдарының кандидаты, «Құрмет» орденінің иегері, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Адырбек Баян,
– Хамза атындағы №2 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Орынбасарова Гүлжахан болды.
Байқау қорытындысы бойынша:
III орын – Түркістан қалалық орталық кітапхананың кітапханашысы Ғабит Замира мен оның оқырманы Сембай Айару.
II орын – №2 кітапхана-филиалының меңгерушісі Өтегенова Әсел мен оқырманы Мирзаханова Шахмонам.
I орын – №10 кітапхана-филиалының меңгерушісі Алишова Индира мен оқырманы Ерболұлы Исматулла жеңіп, облыстық кезеңге жолдама алды.
Абай шығармаларын жаттап, оның терең ойларынан нәр алған жас буын мен кітапханашылардың бұл өнер сайысы – ел руханиятына қосылған зор үлес. Байқау барысында Абайдың өлмейтін мұрасы тек әдебиет пәнінде ғана емес, кітапхана ісінде де кеңінен насихатталып келе жатқанын көруге болады.
Осындай мазмұнды шаралар арқылы жастардың әдебиетке, ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығы артып, сөйлеу мәдениеті мен ойлау деңгейі жетіле түседі. Абай мұрасын насихаттауға арналған бұл байқау – рухани жаңғыру жолындағы нақты қадамдардың бірі.
Пікір қалдыру