
Шымкент – Қазақстандағы ең қарқынды дамып келе жатқан мегаполистердің бірі. Соңғы жылдары қала халқының артуы, көлік санының көбеюі және қаланың кеңеюі көлік инфрақұрылымын қайта қарау қажеттігін тудырды. Осыған орай 2024 жылдан бастап қалада ауқымды жаңғырту бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама тек жол салумен шектелмей, аялдамалар, қауіпсіздік жүйелері мен жарықтандыру инфрақұрылымын жаңартуды да қамтиды.
Ресми деректерге сәйкес, 2024 жылдың соңына қарай Шымкенттегі жолдардың 75%-ы жақсы немесе қанағаттанарлық күйде болған. Ал 2025 жылы бұл көрсеткішті 90%-ға жеткізу көзделуде. Негізгі басымдық – қала ішіндегі көлік байланысын арттырып, орталық көшелерге түсетін жүктемені азайту.
Ең ірі жобалардың бірі – Еңбекші ауданындағы Момынов және Тленшин көшелеріндегі теміржол өткелдерін салу. Бұл өткелдер қаланың шығыс бөлігін орталықпен байланыстырып, көлік ағынын қайта бөлуді және негізгі магистральдердің жүктемесін төмендетуді көздейді. Момынов көшесіндегі құрылыс 2024 жылдың желтоқсанында басталып, бүгінде жартылай аяқталды.
Сонымен қатар, Қойкелді батыр мен Ақназар хан көшелерінің қиылысындағы апатты көпірге күрделі жөндеу жүргізілуде. Бұл жоба 2025 жылдың соңына дейін толық аяқталады.
Көлемді әрі маңызды бастамалардың бірі – Қонаев даңғылының жалғасын салу. Жалпы ұзындығы 16,3 км болатын бұл магистраль алты кезең бойынша жүзеге асуда. Қазірдің өзінде бірнеше учаске пайдалануға берілді, тағы екеуі жыл соңына дейін тапсырылады, ал соңғы кезең 2026 жылы аяқталмақ. Бұл даңғыл Республика даңғылының жүктемесін азайтып, қаладан шығу жолын жеңілдетуге сеп болады.
Қалааралық жүк және жолаушылар тасымалында маңызды рөл атқаратын тағы бір нысан – ұзындығы 28,2 км болатын А-2 айналма жолының реконструкциясы. Қазірге дейін төрт кезеңі толық аяқталған, тағы үшеуі 2025 жылы аяқталады. Соңғы кезең 2026 жылға жоспарланған.
Қаланың солтүстік бөлігіндегі Ақжайық және ShymCity шағын аудандарынан балама шығу жолын қамтамасыз ету мақсатында Қазиев көшесінің 1,7 км жалғасы салынуда.
2026 жылға дейін қала билігі 1 000 шақырымнан астам жолды (850 көше) асфальттауды жоспарлап отыр. Оның ішінде 2025 жылы 540 көше жөнделмек.
Жол құрылысымен қатар, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бағытында да жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылы Шымкентте 32 жаңа бағдаршам орнату көзделсе, оның 10-ы қазірдің өзінде іске қосылды.
Қауіпсіздігі төмен – реттелмейтін жаяу жүргінші өткелдеріне де ерекше назар аударылып отыр. Бүгінгі таңда жоспарланған 200 өткелдің 140-тан астамы жарықтандырылды. Сонымен қатар, мектеп маңайындағы 1 200 метр жолға жасанды кедергілер орнатылып, 6 000 жол белгілерінің жартысы орнатылып қойды.
Жаяу жүргіншілерге арналған тротуарларды жаңарту жұмыстары да белсенді жүріп жатыр – бүгінде 180 км тротуар қалпына келтірілді. Ал көшелерге жол белгілерін сызу 500 км аумақта жүргізілді. Сел жүру қаупі бар 30 көшеге жаңа ирригациялық науалар орнатылды.
Қалалық жарықтандыру бағдарламасы аясында 2 743 көше қамтылмақ, оның ішінде 1 550 көше қазіргі таңда жарық шамдарымен жабдықталады.
Пікір қалдыру