TURKISTAN MARATHON – 2025: ҚАСИЕТТІ ҚАЛАДА ҮШ ЖАҢА РЕКОРД ОРНАТЫЛДЫ

Түркістанда дәстүрлі Turkistan Marathon – 2025 халықаралық жарысы жоғары деңгейде өтті. Биылғы марафонға еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелден келген 3 000-нан астам кәсіби және әуесқой спортшы қатысты. Киелі шаһардың тарихи көшелерімен өткен ауқымды спорттық іс-шара қатысушылардың ғана емес, мыңдаған көрерменнің де ерекше қызығушылығын тудырды.

Биылғы жарыс шетелдік қатысушылар саны бойынша рекорд жаңартты — 365 шетелдік спортшы әлемнің әр түкпірінен келіп, додаға қатысты. Түркістан төрінде өткен марафон денсаулық пен достықтың, ынтымақ пен ерік-жігердің мерекесіне айналды.

Шараның ашылу салтанатында Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қатысушыларды қарсы алып, сәттілік тіледі:
– Қасиетті Түркістан төрінде бастау алған «Turkistan Marathon – 2025» жарысына қош келдіңіздер! Бұл – тек тәннің емес, рух пен жігердің сынағы. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында халықтың денсаулығын нығайту мен бұқаралық спортты дамытуға баса назар аударады. Марафон – салауатты өмір салты мен бірліктің мерекесі. Мұндай халықаралық деңгейдегі шаралар өңірдің туристік және спорттық әлеуетін арттырады, – деді қала әкімі.

Марафон бағдарламасына бірнеше қашықтық енгізілді: 42,2 км, 21,1 км, 10 км, 10 км скандинавиялық жүріс, сондай-ақ 3 км балалар жүгіруі. Барлық нәтижелер World Athletics және AIMS сертификаттары арқылы халықаралық деңгейде мойындалады.

Жарыс нәтижесі Turkistan Marathon тарихында жаңа белес болды. Ерлер арасында Андрей Петров 42,2 км қашықтықты 2 сағат 16 минут 58 секундта жүгіріп өтіп, бұрынғы рекордты жаңартты. Әйелдер арасында Екатерина Тунгускова 2:40:45 нәтижесімен мәре сызығын бірінші болып кесті. Ал 10 км қашықтықта Алишер Ахматалиев 30:31 уақытымен жеке және жарыс рекордын орнатты. Осылайша, Turkistan Marathon – 2025 үш жаңа рекордпен тарихта қалды.

Жарысқа қатысушылардың басым бөлігі Қазақстанның түрлі қалаларынан келсе, ең жасы үлкен спортшы – 91 жастағы Салиха Зигангерова болды. Ең көп қатысқан шетелдік командалар Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей елдерінен келді. Сонымен қатар Азия және Тынық мұхиты аймағынан, Еуропадан, Солтүстік және Латын Америкасынан, Африка мен Таяу Шығыстан да спортшылар арнайы қатысты.

Марафонның соңында Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы жеңімпаздарды салтанатты түрде марапаттап, қатысушыларға белсенді өмір салтын насихаттауға қосқан үлестері үшін алғыс білдірді.

Айта кету керек, биыл Turkistan Marathon алғаш рет Turkic Alliance of Long Runs (TAN) — түркі мемлекеттерінің ұзақ қашықтықтағы жүгіру сериясы құрамына енді. Альянстың 35 марафоншысы Түркістандағы жарысқа қатысып, түркі елдеріндегі марафондық сапарын жалғастыруда. TAN аясындағы бес кезеңге қатысқан спортшылар арнайы марапат пен естелік медальдарға ие болады.

Түркістан марафоны жыл сайын өзінің ауқымын кеңейтіп, спорттық туризм мен халықаралық достықты нығайтудың маңызды алаңына айналып келеді. «Turkistan Marathon – 2025» осылайша жаңа рекордтар мен жарқын эмоциялармен есте қалды.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*