Елбасы телекөпір барысында Шымкенттегі 20 миллион қорап дәрі шығаратын цехты іске қосты

Елбасы телекөпір барысында Шымкент қаласындағы «Химфарм» акционерлік қоғамының қатты дәрілер шығаратын цехын іске қосты. Жалпы құны 13,5 млн АҚШ доллары болатын бұл жоба кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында жүзеге асырылып отыр. Өнімнің 80 пайызы ішкі нарыққа, қалған 20 пайызы экспортқа жіберіледі деп жоспарланып жатқанын да айта кету керек.

Қатты дәрі шығаратын өндіріс цехы заманауи құрылғылармен жабдықталған. Мұнда 72 адам жұмыспен қамтылса, олардың басым бөлігі арнайы Polpharma тобының үздік өндіріс орындарында оқып келген. Бұл жоба — Шымкенттегі инвестициялық жобаның маңызды бір бөлігі болып табылады.

Компанияның бас директоры Ижи Урбанец осымен төртінші цехтың ашылып отырғанын жеткізді.

«Біз жалпы көлемі 108 млн доллар көлемінде инвестиция құюды жоспарлап отырмыз. Жаңа цехты іске қосқаннан кейін біз экспорттық әлеуетімізді 5 млрд теңгеге жеткізе аламыз. «Химфармның» атынан фармацевтикалық саланы қолдап, инвесторларға ыңғайлы жағдай жасағаныңыз үшін алғыс айтамыз», — деді Урбанец.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*