Түймебаев тың жобаларымен өңір туризмін түлетуде

Биыл Түркістан облысында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген  республикалық және халықаралық жаңа жобалар ұйымдастырылуда, деп хабарлайды Күнгей.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Қазығұрт ауданындағы биылғы «Наурыз Қазығұрттан басталады» ұлттық мейрамында мәлім еткен болатын. Содан бері аймақта облыс әкімінің бастамасымен бірнеше маңызды шаралар іске асты. Айта кетсек, «Ордабасыға оралу: Береке басы – бірлік» тақырыптарында үлкен іс-шара өтті. Бұдан бөлек, «Ақсу-Жабағылының алауы, Шұбайқызылдың жалауы» қызғалдақ фестивалі, «Қауын fest» сынды бұрын-соңды болмаған жаңа бағыттағы шаралар ұйымдастырылды.

Облыстың туристік әлеуетін дамыту мақсатында осы қазан айында «Safari Shardara» шарасы басталады.  Қызылқұм өңірінде, Сырдария өзенінің бойында, Шардара теңізінің жағалауларында сейіл-серуен, сафари, су жарыстары, күзгі джаз, гитара фестивальдарінің  ұйымдастырып, өлкемізді Қазақстанның тұрғындары мен шетелдіктерге таныстыру көзделіп отыр.

Басқа шаралармен қатар Сарыағаш ауданында жыл сайын «Open Saryagash» атты халықаралық, республикалық деңгейлерде гольф жарыстары өткізіледі.

Оңтүстікте қысқы спорт түрлерінен жарыстар өткізуге де қолайлы орындар  жеткілікті. Соның қатарында Төлеби ауданында  «Қасқасуға қар түсті», «Қасқасу қысы», «Қасқасу мен Біркөлік арасындағы шаңғы шаттығы» байқауы, «Тау самалы – жан самалы»  іс-шараларын өткізу жоспарлануда.  Бұл іс-шараларда шаңғымен сырғанаудан сайыстар, жаппай сырғанау, «Тау самалындағы» аспалы жолмен саяхаттау, түрлі ойындар мен жарыстар өткізілетін болады.

Ал, қыс айларында облысымызда «Салбурын – саятшылық мерекесі»  мен «Қансонарда бүркітші шығады аңға» атты іс-шаралар ұйымдастырылады. Оның мақсаты – жас ұрпақ бойына бабалар салтын сіңіріп, саятшылықты, ұлттық спорт түрлерін насихаттау. Осы іс-шаралар аясында бүркіт салу, тазы жүгірту, құсбегіліктен сайыстар өткізіледі. Бұл шараларды халықаралық деңгейге көтеріп, әр жыл сайын шетелдік туристер арнайы келіп тамашалайтындай дәрежеге жеткізу көзделіп отыр.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*