ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ КӨЛІК ЛОГИСТИКАЛЫҚ ӘЛЕУЕТІ ЗОР

Түркістан қаласының облыстық маңызы бар қала және түркі әлемінің астанасы мәртебесіне ие болуына байланысты халықаралық әуежай салу қажеттілігі туындады. 2020 жылы заманауи халықаралық әуежай салынып, пайдалануға берілді. Бұл – Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда нөлден салынған алғашқы ірі әуежай. Әуежай бір уақытта 2 халықаралық немесе 4 ішкі рейсті қабылдай алады.

Түркістан облысы аумағында маңызды көлік маршруттары өтеді. Атап айтсақ, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомобиль дәлізі, шығысты батыспен біріктіретін теміржол, «Түркістан халықаралық әуежайы» арқылы халықаралық және ішкі рейстер орындалады.

Түркістандағы «Түркістан халықаралық әуежайы» Халықаралық азаматтық авиация ұйымының 1-ші санатына сәйкес келеді. Әуежайдың жалпы ауданы – 905 га, әуе айлағының өткізу қабілеті сағатына – 450 жолаушы немесе жылына – 3 млн. жолаушы. Қазіргі уақытта «Түркістан халықаралық әуежайы» 2 халықаралық (Ыстамбұл, Эль-Кувейт) және 7 республикаішілік рейстерге (Астана, Алматы, Ақтау, Қарағанды, Ақтөбе, Орал, Қостанай) қызмет көрсетеді. Аталған рейстерді «Turkish Airlines», «Jazeera Airways», «Fly Arystan», «Scat», «Qazaq Air» және «Южное небо» авиакомпаниялары орындайды. 2024 жылдың қаңтарында «Түркістан – Абу-Даби» әуе рейсінің ашылуы өтті. Сондай-ақ отандық және шетелдік авиакомпаниялармен 3 халықаралық (Анталья, Тбилиси, Самарқанд) және 2 республикаішілік (Көкшетау, Үшарал) авиарейстер ашу бойынша келіссөздер жүргізілуде. Түркістан әуежайының жүк тасымалдау динамикасын арттыру мақсатында отандық «Alpha Sky», түріктің «MNG», «Turkish Cargo», әзірбайжандық «Silkway Airlines-Cargo» авиакомпанияларымен жүк тасымалдарын дамыту бойынша келіссөздер жүргізілуде.

Былтыр қараша айының соңында Түркістан облысында Қазақстан мен Өзбекстанды байланыстыратын жаңа теміржол құрылысы басталды. Онда қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасы арқылы жаңа өткізу пункті ашылады. Дарбаза – Мақтаарал желісі Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен салынып жатыр. Жаңа магистраль республиканың көліктік-транзиттік әлеуетін одан әрі дамытуға серпін береді.

“Темір жол – мемлекетіміздің экономикалық және әлеуметтік саласын дамытатын болат артерия. Өткен жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылында 245 млрд тонна-километрден астам жүк тасымалданған болатын. Биыл да жоғары қарқын сақталып тұр”, – деп атап өткен болатын экс-премьер министр Әлихан Смайылов жобаны іске қосу салтанатында.

2023 жылдың басынан бастап желтоқсан айына дейін Қазақстан мен Өзбекстан арасында 25,8 млн тонна жүк тасымалданды. Тауарлар жалғыз “Сарыағаш” мемлекетаралық станциясы арқылы экспортталады. Жаңа жол өткізу пунктіндегі жүктемені азайту үшін салынып жатыр.

“Сарыағаш – Ташкент учаскесіндегі қауырт жағдай қалпына келеді. Мұнда соңғы жылдары жүк көп болды. Сондай-ақ жүк уақтылы жіберілмеді, өйткені бұл жер мұндай жүк ағынына арналмаған. Соңғы екі-үш жылда жүк ағыны күрт өсті. Құрылыстың нәтижесінде осы негізгі учаскенің жүктемесі азайып, жолаушылар пойызы еркін қозғалады”, – деп түсіндірді “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қанат Әлмағамбетов.

Сонымен қатар жоба оңтүстік бағытта экспорттық тасымалдарды ұлғайтуға мүмкіндік береді. Осы желі арқылы Ауғанстанға, Иранға, Тәжікстанға және Өзбекстанға тауар жылдам жеткізіледі.

Дарбаза – Мақтаарал желісі Түркістан облысының дамуына ықпал етеді. Жол екі шалғай ауданды – Мақтаарал және Жетісай аудандарын Қазақстанның қалған бөлігімен байланыстыратындықтан, өңір республиканың негізгі теміржол желісіне қосылады.

 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*