Шымкент қаласы Тұран ауданына қарасты №8 шағын ауданда «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында «Таза аула» іс-шарасы ұйымдастырылды. Тазалық іс-шарасына қала тұрғындары, ерікті жастар, ардагерлер, аудандық коммуналдық мекемесінің қызметкерлері қатысты. Олар А.Асқаров және Мангелдин көшелерінің қиылысында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын ретке келтіріп, санитарлық-тазалық жұмыстарын жүргізді.
Экологиялық акцияға қатысушылар Президенттің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы еліміздің экологиялық мәдениетін көтеруге, табиғатты аялап, қоршаған ортаны қорғауға оң ықпал ететінін айтып, барша азаматтарды осынау игілікті іске белсенді түрде атсалысуға шақырады.
Мамандар, гүлдер мен көгалдарды суару жаз бойы 60 рет жүргізілетінін айтады. Бірақ қажет болған жағдайда одан да көбірек суарылады. Гүл егу мамыр айының соңына дейін жалғаспақ.
Жалпы жоспарға сәйкес аталған ауданда жыл соңына дейін 183 мың гүл отырғызу жоспарлануда.
– Тазалық кісінің ішкі мәдениетінің, адамгершілігінің көрінісі деуге болады. Біз өз үйіміздің ғана емес, тұрып жатқан жеріміздің, қаламыздың, туған жеріміздің таза болуына да баса мән беруге дағдылануымыз керек. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынып отырған «Таза Қазақстан» бағдарламасына жастардың белсенді түрде қатысып жатқанын көріп қуанып отырмын, – дейді Шымкент қаласы Тұран ауданындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Сатыбалды Әділбек.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы тазалық іс-шаралары бір күнмен шектелмей, бүкіл қаламыз бойынша тұрақты түрде жалғасып келеді.
Пікір қалдыру