
Түркістан облысы, Созақ ауданында еліміздің тарихи-мәдени мұрасын насихаттауға арналған маңызды ғылыми жиын өтті. «Қазыналы Созақ – ұлт руханиятының негізі» атты ғылыми-практикалық конференция өңірдің терең тарихын, бай мәдениетін және рухани маңызын жан-жақты талқылауға арналды. Бұл тағылымды басқосу – Созақтың қазақ тарихындағы ерекше орнын айшықтап, болашақ зерттеулерге бағыт сілтеген маңызды алаң болды.
Конференция аясында Созақтың көне заманнан бүгінге дейінгі өткені, оның Қазақ хандығы тұсындағы саяси және мәдени рөлі, сондай-ақ өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштердің қазіргі жағдайы мен оларды сақтау жолдары кеңінен қарастырылды. Іс-шараға еліміздің белді тарихшылары, археологтар мен өнертанушылар ғана емес, Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген шетелдік ғалымдар да қатысып, ортақ түркілік құндылықтар мен рухани байланыстар жайында мазмұнды баяндамалар жасады.
Ғылыми жиынға ҚР Парламенті Сенатының депутаты, белгілі қоғам қайраткері Дархан Қыдырәлі модераторлық етті. Ол конференцияның жоғары деңгейде ұйымдастырылуын атап өтіп, мұндай бастамалар өңірдің ғылыми зерттелуіне тың серпін беретінін жеткізді. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдағы: «Біз болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет» деген тұжырымын келтіріп, осы бағыттағы жұмыстардың маңыздылығын атап өтті. Ол сондай-ақ, Созақтың сан ғасырлық тарихы бар, қазақ халқының тағдырында айрықша орны бар қасиетті мекен екенін тілге тиек етті.
Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков бұл конференцияның алғаш рет өткізіліп отырғанын ерекше атап өтіп, оның аудан үшін мәртебелі оқиға екенін жеткізді. Ол ғылыми шараның өңірдің рухани-мәдени әлеуетін арттыруға және оның халықаралық деңгейде танылуына ықпал ететінін айтты.
Конференция барысында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің археологиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры Көпжасар Жетібаев конференция қарарын таныстырып, қатысушылар назарына маңызды ғылыми ұсыныстарды ұсынды. Қарарда Созақтағы тарихи-мәдени нысандарды Түркістан облысының туризм картасына енгізу, олардың инфрақұрылымын жетілдіру, сондай-ақ кейбір ескерткіштерді ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне қосу секілді нақты бастамалар қамтылды.
Айта кету керек, Созақ – тарихы терең, мәдениеті бай өлке. Бұл мекенде сан ғасырлық өркениет ізі қалған, ата-бабаларымыздың ізі сайрап жатқан жер. Қазіргі таңда Созақтағы тарихи орындарды зерттеп, оларды туристік әлеуетке айналдыру – уақыт талабы. Сол себепті конференцияда айтылған ұсыныстар мен ғылыми тұжырымдар болашақта нақты жобалар мен бастамаларға айналады деп күтілуде.
Мұндай ғылыми жиындар арқылы еліміздің әр аймағының мәдени-тарихи келбеті қайта жаңғырып, жас ұрпаққа отансүйгіштік рухты дарытатын құнды дүниелер қалыптасатыны сөзсіз.
Пікір қалдыру