
Тамыз айында елімізде құрылысшылар мен жол саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі кең көлемде атап өтіледі. Бұл күн – елдің өркендеуі мен дамуына үлес қосып жүрген мамандардың қажырлы еңбегін бағалау күні. Осыған орай Шымкент қаласында да айтулы саланың үздік өкілдері марапатталды.
Бүгінгі таңда Шымкент – құрылыс қарқыны бойынша еліміздегі алдыңғы қатарлы қалалардың бірі. Мұндай нәтижеге жету – сала қызметкерлерінің тынымсыз еңбегінің айқын көрінісі. Осы орайда қала әкімі Ғабит Сыздықбеков құрылыс және жол салаларында еңбек етіп жүрген азаматтарды арнайы қабылдап, кәсіби мерекелерімен құттықтады. Ол өз сөзінде құрылысшылардың және жол жұмысшылардың қоғамдағы маңызы зор рөлін ерекше атап өтті.
Қала басшысы мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың нәтижесінде құрылыс саласының дамуы жаңа деңгейге көтерілгенін айтып, осы жетістіктерге тікелей үлес қосып жүрген сала мамандарына алғыс білдірді. Сонымен қатар, олардың жоғары кәсібилігі мен жауапкершілікке толы еңбегінің арқасында қалада ірі жобалар жүзеге асып жатқанын тілге тиек етті.
Салтанатты шара аясында бірқатар үздік мамандарға Қазақстан Республикасы Президентінің атынан мемлекеттік наградалар табыс етілді. Атап айтқанда, бірқатар азаматтар ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Бұдан бөлек, қала әкімінің Алғыс хаттары да лайықты азаматтарға табыс етілді.
Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін алған уақыттан бері құрылыс саласында қарқынды өсім байқалады. Соңғы жылдары 4,5 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген. Тек 2025 жылдың өзінде 1,37 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй халық игілігіне тапсырылады деп жоспарлануда. Бұл – ондаған мың отбасының баспаналы болуына мүмкіндік беретін маңызды көрсеткіш.
Құрылыс тек тұрғын үймен шектелмейді. Өткен жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қалада 11 жаңа мектеп пен 2 оқушылар сарайы пайдалануға берілді. Қазіргі таңда тағы 17 білім беру нысаны мен бірқатар әлеуметтік маңызды ғимараттардың құрылысы жүріп жатыр. Бұл жобалар қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын нығайтып, тұрғындар өмірін жақсартуға бағытталған.
Жол-көлік инфрақұрылымы да назардан тыс қалған жоқ. Қалада жыл сайын жүздеген шақырым жол жөнделіп, жаңадан салынады. Мысалы, өткен жылдары орта есеппен 250 шақырым жол жөндеуден өтсе, биыл бұл көрсеткіш 1000 шақырымнан асып отыр. Бұл – жолаушылар тасымалы мен көлік қозғалысының сапасын едәуір жақсартатын маңызды жетістік.
Шымкент қаласының тұрақты дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыруда құрылыс және жол салаларының үлесі орасан. Қаланың келбетін өзгертіп, жаңа ғимараттар мен сапалы жолдарды тұрғызып жатқан мамандар – қала тіршілігінің негізін қалыптастырып отырған жандар. Олардың кәсіби мерекесі – еңбектің еленген күні ғана емес, болашаққа сенім мен шабыт сыйлайтын мейрам.
Пікір қалдыру