
Түркістан қаласындағы «Rixos Turkistan» қонақүйінде бүгін «CYBER QURYLTAI: Түркістандағы қауіпсіздік оазисі» атты ақпараттық қауіпсіздік пен кибермәдениетті дамытуға арналған ірі форум ашылды. Бұл шараға еліміздің әр өңірінен 80-ге жуық сала мамандары, сарапшылар мен IT-құрылым өкілдері жиналып, цифрлық трансформация дәуіріндегі ақпараттық қауіпсіздік мәселелері мен заманауи киберқауіптерге қарсы тиімді әрекет ету әдістерін талқылап, тәжірибе алмасуда.
Форумды ұйымдастырушылар — Түркістан облысының әкімдігі мен облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы. Іс-шараның басты мақсаты — мемлекеттік органдар мен жеке сектор арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, еліміздегі ақпараттық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру, сондай-ақ цифрлық технологиялардың дамуына серпін беру. Бұл бағыттағы сын-қатерлерді жеңу және қауіпсіз цифрлық экожүйе қалыптастыру Қазақстанның тұрақты дамуы үшін аса маңызды болып отыр.
Форумның ашылу рәсімінде Түркістан облысы әкімінің аппараты басшысы Еркебұлан Дауылбаев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол Түркістанды түркі әлемінің рухани астанасы ғана емес, сонымен қатар цифрлық даму мен ақпараттық қауіпсіздіктің жаңа орталығы ретінде дамып келе жатқан өңір ретінде таныстырды. «Біздің мақсатымыз – Түркістанды жоғары технологиялар мен киберқауіпсіздік саласында үлгілі аймаққа айналдыру. Цифрландыру, кадр даярлау, халықаралық серіктестік пен инфрақұрылымдық жобалар бұл бағыттағы маңызды бағыттар болып табылады», — деді Еркебұлан Дауылбаев. Сонымен қатар ол облыста желіаралық экрандар (firewall), антивирустық бағдарламалар және серверлік қауіпсіздік жүйелерінің кеңінен енгізіліп жатқанын атап өтті.
Форумды «Лаборатория Касперского» компаниясының Қазақстан, Орталық Азия және Моңғолиядағы басқарушы директоры Владимир Зубанов жүргізіп отыр. Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне қарасты Ақпараттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Үмітжан Арықбекова да өз сөзінде халықаралық стандарттарды енгізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтып, еліміздің ақпараттық қауіпсіздік жүйесін нығайтуға ерекше назар аударылып жатқанын жеткізді.
Түркістан облысында IT саласының дамуына ерекше көңіл бөлініп отыр. Аймақтағы «Turkistan Hub» орталығы — өңірлік IT стартаптарды қолдауға және цифрлық кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бірегей платформа болып табылады. Мұнда жастар мен стартаперлерге арналған акселерациялық бағдарламалар мен IT мамандарын даярлау курстары өткізіледі. Сонымен қатар, аудандық деңгейде ашылған «Smart Hub» орталықтары ауылдық жерлердегі жастарға цифрлық білім мен мүмкіндіктерді ұсынуда. Бұл орталықтар жергілікті IT жобалар мен сервистердің маңызды тірек нүктесіне айналуға бағытталған.
Жыл соңында Түркістан қаласында Оңтүстік Кореяның «Woosong» университетінің филиалы ашылады деп жоспарлануда. Бұл университет өңірде IT білім беру мен инновациялық жобаларды дамытуға тың серпін береді. Сондай-ақ қытайлық «Sunwah Group» компаниясымен бірлесіп халықаралық IT park жобасын жүзеге асыру қолға алынуда, бұл өңірдің цифрлық дамуында маңызды қадам болып есептеледі.
Форум бағдарламасы аясында «Қазақстандағы цифрландыру мен киберқауіпсіздікті дамытудағы инновациялық тәсілдер» тақырыбындағы панельдік сессия өтті. Онда ақпараттық қауіпсіздік саласының мамандары жаңа технологиялар мен қауіпсіздік шаралары туралы өз тәжірибелерімен бөлісті. Спикерлер «Қауіпсіз қала: Hikvision көмегімен қорғалған қалалық ортаны қалай құруға болады?», «Деректерді қалай қорғау керек? Заң талаптары ма, әлде пайдаланушының қолайлылығы ма?» сияқты өзекті мәселелерді көтерді. Сондай-ақ, Checkpoint өнімдері, серверлік бөлмелердің стандарттары және микроЦОД технологиясының цифрлық трансформациядағы рөлі туралы баяндамалар ұсынылды.
Форумның екінші кезеңінде Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің сессиясы мен мемлекеттік бақылау саласындағы оқыту тренингі ұйымдастырылды. Қатысушылар Түркістан қаласында экскурсия жасап, өңірдің туристік және инвестициялық әлеуетімен танысты.
«CYBER QURYLTAI» форумы Түркістан облысының цифрлық және киберқауіпсіздік саласындағы жаңа кезеңге шығуына негіз болып, өңірдің ақпараттық қауіпсіздік пен инновациялық технологияларды дамытудағы стратегиялық маңыздылығын көрсетеді. Бұл іс-шараның аясында ұсынылатын идеялар мен бастамалар Түркістанның қауіпсіз әрі технологиялық дамыған өңірге айналуына ықпал етеді деген сенім бар. Форум мемлекет, бизнес және ғылыми қауымдастық арасындағы ынтымақтастықты күшейтіп, еліміздің цифрлық болашағын қалыптастыруға тың серпін береді.
Пікір қалдыру