Шымкентте елімізде баламасы жоқ жаңа үлгідегі әмбебап жедел қызмет кешендері ашылды

Шымкентте жедел әрекет ету қызметтерінің тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа үлгідегі әмбебап кешендердің алғашқылары пайдалануға берілді. Заманауи нысандардың ашылу салтанаты Еңбекші ауданының Елтай тұрғын алабында өтіп, оған Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов қатысты.

Министрдің айтуынша, мұндай интеграциялық орталықтарды құру – Мемлекет басшысының нақты тапсырмасы. Бір нысанда полиция, төтенше жағдайлар қызметі, өрт сөндіру және медициналық жедел жәрдем бөлімшелерінің орналасуы оқиға орнына бару уақытын айтарлықтай қысқартып, ведомстволардың өзара іс-қимылын күшейтеді.

Елтай және Таскен шағын аудандарында ашылған модульдік кешендер осы талаптарға толық сәйкес келеді. Елтайдағы орталық 3309 шаршы метр аумақта орналасқан, жалпы жер көлемі – 7 мың шаршы метр. Кешен құрамында оқу мұнарасы, қызметкерлерге арналған кабинеттер, арнайы техника қоймалары және маневр алаңы қарастырылған. Мұнда тәулік бойы шамамен 50 маман қызмет етеді.

Салтанатты рәсімде сөз алған ҚР ТЖМ басшысы Шыңғыс Әрінов жаңа жобаны бүкіл елге үлгі боларлық бастама екенін атап өтті:
«Бірлесіп қызмет атқаратын депо алғаш рет ашылып отыр. Бұл – бүкіл елге үлгі боларлық бастама. Полиция, медицина, төтенше жағдайлар қызметі бір сапта тұрып, бір қауіпке бірге төтеп беруі – біздің басты қағидамыз. Қызметтеріңізге табыс тілеймін», – деді ол.

Жоба жергілікті бюджет есебінен небәрі алты айда жүзеге асырылып, қазіргі заман талаптарына сай толық жабдықталған. Кешен Елтай, Маятас, Тоғыс және Айнатас тұрғын алаптарындағы 25 мыңнан астам халыққа қызмет көрсетеді.

Шара барысында төтенше жағдайлар жүйесінің дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтар марапатталды. ҚР Төтенше жағдайлар министрінің Алғыс хаттары мен ТЖМ-нің 30 жылдық мерекелік медальдары сала қызметкерлері мен ардагерлеріне табысталды.

Жергілікті тұрғындар да бұл жобаны қала қауіпсіздігін арттырудағы маңызды қадам деп бағалады. Қазығұрт тұрғын алабы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Батырхан Әшетов:
«Бұрын төтенше жағдай болғанда қызметтердің жетуіне біраз уақыт кететін. Енді бәрі бір жерден шығады. Ең алыс нүктеге 7 минутта жету – халық үшін өте құптарлық бастама», – деп пікір білдірді.

Салтанатты рәсім лентаны кесіп, кешенді ресми іске қосумен аяқталды. Қала әкімдігі жыл соңына дейін осындай тағы екі модульдік кешен ашуды жоспарлап отыр. Ал келесі жылы қосымша жеті нысанның құрылысы аяқталып, Шымкенттің жедел қызмет жүйесі толық жаңғыртылмақ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*