
Қоғамдық қауіпсіздік пен азаматтардың әл-ауқатын қамтамасыз етуде нашақорлықпен күрес – күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселелердің бірі. Бұл күресте тек құқық қорғау органдары ғана емес, барлық мемлекеттік мекемелер мен қоғам белсенділері бірлесе әрекет етуі тиіс. Әсіресе, қылмыстық-атқару жүйесінде жазасын өтеуші азаматтармен жұмыс істеу – нашақорлықтың алдын алу және оның зиянды салдарынан арылу жолындағы ең өзекті бағыттардың қатарында.
Осы мақсатта Шымкент қаласының Полиция департаменті мен Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті арасында бірлескен іс-шаралар жоспары әзірленіп, іске асырылуда. Аталған жоспар аясында сотталғандар арасында жүйелі түрде әлеуметтік-тәрбиелік жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл – олардың мінез-құлқын түзету, өмірге деген көзқарасын өзгерту және болашақта қоғамға бейімделіп, қайта оралуына ықпал ететін маңызды қадам.
Жуырда осындай тәрбиелік бағыттағы іс-шаралардың бірі Шымкент қаласындағы №53 түзеу мекемесінде өтті. Шараның басты мақсаты – сотталған азаматтардың бойында сауатты өмір салтын қалыптастыру, зиянды әдеттерден бас тартуға ықпал ету және бос уақытты тиімді пайдалану жолдарын көрсету. Іс-шара барысында нашақорлықтың адам денсаулығына, психикасына және болашағына тигізер зияны жан-жақты түсіндіріліп, нақты мысалдар келтірілді.
Дәрістер мен кездесулер барысында қатысушыларға есірткіден арылып, өмірін өзгерткен азаматтардың оң тәжірибелері де ұсынылды. Бұл – тек сөз жүзінде емес, нақты өмірлік мысалдар арқылы әсер етуге бағытталған тәсіл. Мұндай тәсілдер көптеген сотталғандар үшін үлкен мотивация көзі бола алады. Сонымен қатар, тәрбиешілер мен психологтар сотталғандарды еңбекке баулу, оқуға тарту, пайдалы істермен айналысу арқылы бос уақытты ұтымды өткізуге шақырды.
№53 мекемедегі мұндай іс-шаралар бір реттік емес – олар жүйелі түрде өткізіліп тұрады. Түзету мекемелерінің мамандары, педагогтар мен психологтар әр сотталған азаматпен жеке жұмыс жасап, оның әлеуметтік-психологиялық жағдайын, өмірге деген көзқарасын жан-жақты зерттеп, жеке бейімдеу картасын әзірлейді. Бұл тәсіл – әр адамға жекелей ықпал етуге мүмкіндік береді.
Бүгінде қылмыстық-атқару жүйесінде жазасын өтеп жатқан азаматтардың арасында есірткіге тәуелділіктен арылып, жаңа өмір бастаған жандардың саны артып келеді. Бұл – мемлекет пен қоғамның бірлескен күш-жігерінің жемісі. Нашақорлықтан арылу тек медициналық немесе құқықтық мәселе ғана емес, ол – рухани, әлеуметтік және тәрбиелік тұрғыдан да кешенді әрекеттерді талап ететін күрделі үдеріс.
Шымкент қаласының Полиция департаменті мұндай ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастырмақ. Құқықтық мәдениетті қалыптастыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және жастарды зиянды әрекеттерден сақтау – бұл департамент жұмысының негізгі басым бағыттарының бірі болып табылады.
Сонымен қатар, нашақорлықтың алдын алуға бағытталған іс-шаралар тек түзету мекемелерімен шектелмейді. Олар мектептерде, жоғары оқу орындарында, еңбек ұжымдарында және қоғамдық орындарда да тұрақты өткізіліп отырады. Мақсат – есірткінің зияны туралы кеңінен ақпарат таратып, жастарды салауатты өмір салтына бейімдеу.
Қорыта айтқанда, қылмыстық-атқару жүйесінде жүргізіліп жатқан нашақорлықтың алдын алу бағытындағы шаралар – тек түзету мекемелеріндегі тәртіп пен тәрбие мәселесі емес, бүкіл қоғамның денсаулығына әсер ететін ауқымды мәселе. Сондықтан мұндай кешенді іс-шаралардың маңыздылығы зор. Әрбір адамның өмірге деген оң көзқарасын қалыптастыру, оған сенім арту, қолдау көрсету – қоғам алдындағы ортақ міндет.
Пікір қалдыру