Таиландтың астанасы Бангкокта өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында қазақтың дарынды ұл-қыздары көк туымызды биікке көтеріп, ел абыройын асқақтатты. Халықаралық додада желбіреген мемлекеттік байрағымыз – жас спортшыларымыздың қайсарлығы мен табандылығының, ел намысын қорғауға деген адалдықтың айқын көрінісі болды. Бұл жеңіс — тек шахмат тақтасында ғана емес, ел рухының да үлкен жеңісі.
21–29 қараша аралығында өткен айтулы чемпионатта Түркістан облысынан барған жас шахматшылар шеберліктерін танытып, қарсыластарын артта қалдыра білді. Соның нәтижесінде Қазақстанның көк байрағы бірнеше мәрте биікте желбіреп, Азия жұртшылығы алдында мемлекетіміздің мерейін өсірді.
Асылхан Әсия блиц бағдарламасында тамаша өнер көрсетіп, барлық қарсыластарына мүмкіндік бермей, алтын медаль иеленді. Оның жеңісі еліміздің әнұранының шырқалуына, көк туымыздың жоғары көтерілуіне себеп болды. Әсияның бұл жетістігі – жас буынның да әлемдік деңгейде оза шабатын қайрат-жігерінің, ұлттық намысының айғағы.
Ал Аманбек Диас классикалық шахмат бойынша сенімді ойнап, күміс жүлдеге қол жеткізді. Оның шебер ойыны командалық есепте де жоғары нәтижелерге жетуге ықпал етті. Диастың жеңісі де көк туымызды тағы бір мәрте биікке көтеріп, Қазақстанның шахматтағы әлеуетін танытты.
Жас спортшылардың табыстары – тынбай жасаған еңбектің, тынымсыз дайындықтың, көрсетілген қолдаудың нақты жемісі. Түркістан өңірінде шахмат спортын дамытуға арналған жағдайлар, білікті бапкерлердің еңбегі, жасөспірімдерге беріліп жатқан мүмкіндіктер халықаралық ареналарда өз нәтижесін айқын көрсетуде.
Бұл жеңістер – тек спорттық табыс емес, елдің намысын қорғаудың, көк туымыздың қадірін түсінудің, ұлттық рухтың биіктігінің белгісі. Әрбір медаль – Қазақстанның әлем алдындағы мәртебесін көтеретін қымбат мұра.
Бангкок аспанында желбіреген көк байрағымыз жас спортшыларымыздың батылдығын, рухын, елге деген сүйіспеншілігін паш етті. Түркістанның талапты өрендері алда да талай биіктерді бағындырып, көк туымызды әлемнің төрінде асқақтата беретіні сөзсіз.
Пікір қалдыру