
Әлемдік жахандану, ақпарттың қолжетімділігі, цифрлық технологияның қарыштап дамуы… Бүгінгі ұрпақтың үлесіне тиген өркениеттің ең үлкен жемістері… Жіптің екі ұшы болатыны секілді, бүгінде жас буынға кері әсер етер зиян әдеттер де сан түрге енген… Соның бірі электронды темекі. Көпшілік арасында мұны вейп дейді. “Темекіге қарағанда зияны аз, сырт көзге кәдуілгі темекі секілді соншалықты сорақы боп көрінбейді, дәмі де жағымды, иісі мұрыннан кіріп өкпені қаппайды…” Жастар мен жасөспірімдер арасындағы электронды темекі туралы түсініктің дені осыған саяды. Сөзіміз дәйекті болуы үшін жас мөлшері 16-22 арасындағы қыз-жігіттер арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнамаға жүгініп көрейік.
Камила Сәрсенқызы 17 жаста, 11 сынып оқушысы:
-“Вейп шыққанда ең бірінші боп біздің сыныптан ұлдар да, бірен саран қыздар да дәмін көрді. Үйренді. Бір біріне үйрететіндер көбейді. Алғашында бағасы да аса қымбат емес еді. Мұғалімдерден вейп пайдаланатыныңды жасыру да аса қиын емес. Иісі аса бір сезіле бермейтіні жақсы. Бастысы, тексеруде сөмкеңнен шығып тұрмаса болды… Қазір вейп табу бұрынғыдай оңай емес. Бағасы да қымбат. Сондықтан шығар, вейпті қойып кеткендер де бар класта. Әлі де көзін тауып электронды темекіні тұрақты тұтынатындар жетеді.”
Мәриям Асабайқызы, 16 жаста, оқушы:
-“Вейп үшін достасып, құрбы боп араласып кеткендер де жетеді қыздардың арасында. Себебі, ортақ қызығушылығы бар. Ондай құрбылардың бәрі электронды темекі себеп боп танысқандар ғой.”
Бекзат, 20 жаста, студент:
-“Мектептегі 7-8 сынып оқитындарды кездейсоқ жақсылап тұрып тексерсе әр сыныптан кемінде 3-4 оқушыдан электронды темекі табылады деп ойлаймын. Зияны туралы қанша рет түсіндірілсе де есеюдің бір белгісі трендегі вейпті шегіп көру деп білетін балалар аз емес. Қазір тыйым салынғалы бағасы да қымбаттап кеткен деп жатыр. Бірақ бұл электронды темекіден бас тартуға үлкен сеп боп жатқан жоқ сияқты”.
Қасым, 18 жаста, оқушы:
—“Сізге иә мен вейп шегемін деп ешкім ашық жауап бермейді. Не үшін өзін сату керек? Жасырады, вейп қолданатындарды достары ғана біледі. Қазір вейп табу аса қиын емес. Бағасы қымбат болғанымен, бұрынғыдай тез таусылып қалмайтын, ұзақ уақытқа жететін түрлері шыққан. Үш-төрт бала бірігіп бәр вейп сатып алып жүргенді де көріп жүрміз. Заң сатып алушыға емес, электронды темекіні сатқандарға қатал.”
Студент, жоғары сынып оқушыларының арасында жүргізілген сауалнаманы жүргізу барысында электронды темекіден толық бас тартқан қоғам орната алмағанымызды түсіндім. Осы себепті де көлге қосқан тамшым болсын деп осы тақырыпты қозғағанды жөн көрдім.
Ғаламтор беттерінде электронды темекінің зияны туралы мәлімет аз емес. Электронды темекінің түр сипаты да кәдімгі темекіге ұқсамайтын, дизайны да ерекше. Дәмі де сан алуан. Сондықтан да вейпке деген жасөспірімдер мен жастардың қызығушылығы азаймай отыр десек те болады.
Әлем бойынша да жасөспірімдердің 5 пайызы осы электронды темекіге әуес көрінеді. Мәселен, мамандардың зерттеуі бойынша АҚШ тағы мектеп оқушыдардың 6 пайызға жуығы темекінің бұл түрін тұрақты пайдаланады екен. Қазақстанда да бұл статистика мәз емес. Дүниежүзілік денсаулық ұйымы жүргізген зерттеуге сүйенсек, 11-16 жас аралығындағы жасөспірімдердің арасында яғни 15 пайыз ұл бала, 6 пайыз қыз бала электронды темекінің дәмін татып көргендер.
Электронды темекінің түтіні мен ауыз буы өкпені тітіркендіреді екен. Бұл өз кезегінде созылмады өкпе ауруларына әкеліп соғады деп дабыл қағуда дәрігерлер. Вейпке арнайы дәм беру үшін қолданылатын диацетил заты өкпеге едәуір зақым келтіріп, электронды темекіні тұтынушының денсаулығына едәуір зиянын тигізеді екен.
Вейпті кәйіппен шегіп жүргендер өз жүрегі мен қан тамырына қаншалықты ауыр залал келтіріп жатқанын білсе ғой. Электронды темекіні тұрақты тұтынудан жүректің соғуы жиілеп, қан қысымының көтеріліп кетеді екен. Онымен қоймай, ми мен жүйке жүйесі де электронды темекіге қызығушылықтың құрбаны боп кетуі мүмкін. Мамандар вейпке әуестердің көңіл күй тұрақсыздығына ұшырайтындығын да анықтаған. Депрессияға жиі түсіп, белгілі бір затқа назар аудару қабілетінің төмендейтіндігі де бұрыннан дәлелденген фактілер.
Қаласаң кез келген қажетті ақпаратқа қанық болар заманда қатарластарымды әрбір қадамды анық басып, әрбір әдетке абай болуға үндегім келеді.
Авторы: Бақыт Диана Ермекқызы
Пікір қалдыру