
Түркістан қаласында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, мемлекеттік кірістер, білім саласы және салық органдарының өкілдері қатысты. Күн тәртібінде бірқатар маңызды мәселелер қаралып, қала дамуындағы негізгі бағыттар бойынша тапсырмалар берілді. Мәжіліс барысында кадрлық өзгерістер таныстырылып, қала әкімінің өкімімен Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің басшысы лауазымына Оспан Арман Оңалханұлы тағайындалды. Сонымен қатар, Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы міндетін уақытша Ыдырыс Бексұлтан атқаратын болады.
Алайда жиынның басты назарында – білім саласындағы жетістіктер мен алда тұрған міндеттер болды. Қалалық білім бөлімінің басшысы Бақытжан Нұрмаханбетұлы 2024-2025 оқу жылының қорытындысы мен мектеп бітірушілердің жетістіктері туралы жан-жақты баяндама жасады. Оның айтуынша, биыл Түркістан қаласында жалпы саны 3 063 оқушы мектеп бітірген, олардың ішінде 100 балдан жоғары балл жинаған – 43 оқушы, 130 балдан жоғары көрсеткішке қол жеткізген – 11 түлек. Ең бастысы, «Алтын белгі» иегерлерінің саны – 178 оқушыны құрап отыр.
Бұл көрсеткіш – қаладағы білім сапасының айтарлықтай жақсарғанын айғақтайды. Әкім білім бөлімінің жұмысына оң баға бере отырып, мұндай жетістікке жету үшін жүйелі дайындық пен мұғалімдердің, ата-аналардың және оқушылардың тығыз ынтымақтастығы қажет екенін атап өтті.
Сонымен қатар, қала басшысы төмен балл жинаған оқушылардың да назардан тыс қалмауы тиіс екенін айтып, олармен мектеп психологтарының, әлеуметтік педагогтардың және пән мұғалімдерінің бірлесе жұмыс істеу қажеттігін ескертті. Бұл тек қазіргі нәтиже ғана емес, келер жылғы білім сапасын арттыру үшін жасалатын маңызды қадамдардың бірі болмақ.
Жазғы демалыс кезеңінде де білім саласына қатысты жұмыстар жалғасын табады. Әкімнің тапсырмасы бойынша балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында суға шомылу маусымына байланысты оқу-жаттығу шаралары ұйымдастырылып, қаладағы жазғы лагерьлердің жұмысы жүйеленеді. Бұл тек жазғы тынығу емес, оқушылардың тәртіпті, дені сау және белсенді болып өсуіне бағытталған әлеуметтік тәрбиенің бөлігі ретінде қарастырылуда.
Жиын барысында сондай-ақ қалалық бюджеттің кіріс бөлігін орындау, салық түсімдерін арттыру бойынша да Түркістан қаласының мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Шакен Махмұтұлы баяндама жасап, биылғы жылғы кірістер жоспары мен бүгінге дейінгі орындалған көрсеткіштерді талдап өтті. Қала әкімі бұл бағытта да нақты тапсырмалар беріп, салықтық берешегі бар мекемелермен түсіндіру жұмыстарын жандандыруды, бейресми кәсіпкерлікпен күресуді және POS-терминалдар мен фискалды чектердің қолданылуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Түркістан қаласында білім сапасы жылдан-жылға дамып, ұлттық білім беру көрсеткіштері бойынша жоғары нәтижелер көрсетуде. 178 түлектің «Алтын белгі» иегері атануы – бұл тек бір жылдық еңбек емес, бірнеше жылдық жүйелі жұмыстың жемісі. Қалалық әкімдік тарапынан білім саласына көрсетілетін қолдау мен қамқорлық алдағы уақытта да жалғасын табатыны сөзсіз.
Пікір қалдыру