ШЫНАЙЫ ЖҮРЕКТЕН – БАЛАЛЫҚ МЕЙІРІМГЕ

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні – әлем балаларының бақытты балалық шағын қолдау, оларды қорғау, қуаныш сыйлау мақсатындағы маңызды күн. Осы мерекеге орай Түркістан қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №1 және №3 кітапхана-филиалдарының ұйымдастыруымен «Шынайы жүректен» атты қайырымдылық акциясы өтті.

Қайырымдылық шарасы №7 арнайы мектеп-интернатының мүмкіндігі шектеулі 4-сынып оқушыларына арналды. Акция аясында кітапхана қызметкерлері балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында жылы лебіздерін білдіріп, 1 маусым мерекесімен шын жүректен құттықтап, арнайы сыйлықтар тарту етті. Кішкентай бүлдіршіндер бұл күні ерекше қуанышқа бөленіп, жүздерінен балалық шаттық пен алғыс сезімі байқалды.

Сынып жетекшісі Қошқарбаева Күлсара ханым кітапхана ұжымына балалар атынан алғыс білдіріп: «Балалардың әрбір күлімдеген жүзі – үлкен үміттің, болашақтың нышаны. Бүгінгі мейірімді сәт олардың жүрегінде мәңгі сақталады», – деді.

Мүмкіндігі шектеулі болса да, бұл балалардың өмірге деген құштарлығы мен үміті ерекше. Олар – өмірге ғашық, білімге ынталы, жүрегі мейірімге толы балдырғандар. Осындай қолдау мен мейірімге толы іс-шаралар олардың рухын көтеріп, қоғамның толыққанды мүшесі екендерін сезінуге мүмкіндік береді.

Балалар – ел болашағы. Бүгінгі бүлдіршін – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын азамат. Сондықтан оларға мейіріммен қарап, жүрек жылуын бөлісу – әрбіріміздің парызымыз. Кішкентай жүректердің қуанышы – қоғамның ізгілікке бет бұрғанының белгісі.

Қайырымдылық – адамның ішкі жан дүниесінің тазалығы мен рухани байлығын көрсететін қасиет. Кітапхана ұжымы бұл іс-шара арқылы кітапхана тек кітап қана емес, үлкен жүрек пен кең пейілдің ордасы екенін тағы бір дәлелдеді.

Балалардың риясыз күлкісі, шынайы алғысы – кітапхана қызметкерлеріне үлкен шабыт сыйлады. Акция соңында балалар кітапхана ұжымымен қимай қоштасып, өз қолдарымен жасаған кішкентай ашық хаттарын табыс етті. Бұл – шынайы жүректен туған алғыстың ең асылы еді.

Осындай тәрбиелік мәні зор іс-шаралар арқылы қоғамда ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларға қолдау білдіріп, олардың бойындағы талант пен сенімді оятуға болады. Мүмкіндігі шектеулі болғанмен, жүректері кең, армандары биік балаларға көбірек назар аудару – ел болашағы үшін жасалған үлкен қадам.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*