
Жетісай – ауыл шаруашылығын заманауи индустриямен ұштастырып келе жатқан Түркістан облысының жетекші аудандарының бірі. Диқандар мен шаруалардың маңдай тері, мемлекеттің жүйелі қолдауы және жергілікті биліктің тың бастамалары нәтижесінде аудан экономикасы жылдан-жылға артып келеді. Ауыл шаруашылығы – Жетісайдың негізгі тірегі, сонымен қатар инвестициялық жобалар мен өндірістік қуаттарды тарту арқылы ауданның даму бағыты кеңейіп отыр.
2024 жылы Жетісай ауданында ауыл шаруашылығы мақсатында 79,2 мың гектар жерге түрлі дақылдар егілді. Оның ішінде 1,2 мың гектарға ерте пісетін қырыққабат дақылы орналастырылып, 40 мың тоннадан астам өнім жиналды. Қазіргі таңда аудан диқандары қарбыз бен қауынның алғашқы өнімін жинап, ішкі нарықпен қатар Ресей, Беларусь, Қырғызстан секілді елдерге экспорттауда. Алматы, Астана, Шымкент қалалары мен өзге өңірлерге де жетісайлық өнімге сұраныс жоғары.
Биылғы жылдың тағы бір ерекшелігі – екі рет өнім алу жобасының кеңінен қолданысқа енгізілуі. 321 шаруа қожалығы 1,2 мың гектар алқаптан екі айналымда өнім алуды қолға алды. Бұл тәжірибе өнім көлемін еселеп арттырып қана қоймай, жердің тиімді пайдаланылуына және шаруалар табысының өсуіне тікелей әсер етуде.
Аудан экономикасын әртараптандыру мақсатында соңғы жылдары индустриялық-инвестициялық жобаларға да басымдық беріліп отыр. Атап айтқанда, Жетісай ауданында кәсіпкерлікті қолдау және өңірлік өнеркәсіпті дамыту мақсатында Асықата кентінен 59 гектар жерге «Жетісай» индустриалды аймағы құрылған болатын. Қазіргі таңда бұл аймақты инфрақұрылыммен қамту үшін жобалау-сметалық құжаттар әзірлену үстінде.
2024 жылы индустриалды аймақта жалпы құны 33 млрд теңгеге 11 инвестициялық жоба жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр. Бұл жобалар толық іске қосылғанда 1 870 жаңа жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда оның ішінде 4 жоба мақұлданып, инвесторлар құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Бұл туралы аудан әкімі Серік Мамытов БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында мәлімдеді.
Индустриалды аймақтағы ірі жобалар қатарында:
-
«TST Zhetysai Group» ЖШС – мақта өңдеу зауыты мен жіп иіру фабрикасының құрылысы;
-
«Агро сүт» – сүт өңдеу зауыты;
-
«Бирлик — Е» – мақта өңдеу кәсіпорны;
-
«Altyn Kun Group» – полиэтилен қалдықтары мен су үнемдеу жабдықтарын өндіру зауыты.
Өңір басшысы атап өткендей, өткен жылы Жетісай ауданында 4,3 млрд теңгеге 8 инвестициялық жоба іске асырылып, 262 жаңа жұмыс орны құрылған. Бұл ауданның инвестициялық климатын жақсартып, шағын және орта бизнес өкілдеріне жаңа мүмкіндік беріп отыр.
Аудан экономикасының қарқыны нақты көрсеткіштерден де көрінеді. 2024 жылдың І тоқсанында жалпы өңірлік өнім көлемі 27,4 млрд теңгеге жетсе, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 190,1 млрд теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Салыстырмалы түрде алғанда, 2023 жылы бұл көрсеткіш 184,1 млрд теңге болса, 2024 жылы ол 10 млрд теңгеге артығымен орындалды.
Өнеркәсіп саласында да өсім байқалады. 2024 жылы өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 18,4 млрд теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 3,6 млрд теңгеге артық болған. Биыл бұл көрсеткішті 21,2 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Жыл басынан бері өнеркәсіп өнімінің көлемі 4,6 млрд теңгеге жеткен.
Ауданның негізгі капиталына бағытталған инвестиция көлемі де артып келеді. Мысалы, 2023 жылы 43,7 млрд теңге инвестиция тартылып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 18,4 млрд теңгеге артық орындалған. Бұл көрсеткіш биыл тағы да өседі деп күтілуде.
Инфрақұрылымдық даму да назардан тыс қалмаған. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 2024 жылы 15 елді мекенде 15 жобаға 2,5 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражаттар елді мекендерді газдандыруға, жол жөндеуге, мәдениет үйлерін жаңартуға бағытталуда. Нәтижесінде, қазіргі таңда Жетісайдағы елді мекендердің табиғи газбен қамтылу көрсеткіші 81,9% болса, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 86,6% болады деп жоспарланып отыр.
Ауызсумен қамту бойынша да аудан үлгі боларлық көрсеткішке жетті – аудан тұрғындарының 100%-ы таза ауызсумен қамтамасыз етілген.
Қорытындылай келе, ауыл шаруашылығынан бастау алып, индустрия мен инфрақұрылымға ұласқан Жетісай ауданының даму моделі – өңірлік басқару мен инвестициялық климаттың дұрыс ұйымдастырылуының нақты нәтижесі. Ауыл еңбеккерлерінің табандылығы мен кәсіпкерлердің сенімі ауданды Түркістан облысындағы жетекші экономикалық орталықтардың біріне айналдырып отыр.
Пікір қалдыру