
Жетісай ауданы – Түркістан облысының ауыл шаруашылығы бағытында қарқынды дамып келе жатқан жетекші өңірлерінің бірі. Суармалы жерлердің молдығы мен диқандардың тәжірибесі аудан экономикасының іргетасына айналған. Соңғы жылдары мемлекет қолдауы мен жеке инвестициялардың арқасында ауыл шаруашылығы саласында тың серпін байқалып отыр. Бұл бағыттағы жетістіктермен жуырда өңірге барған БАҚ өкілдері де танысып қайтты.
Абай ауылдық округіндегі «Смайл» шаруа қожалығы – су үнемдеу технологияларын тиімді енгізіп, өнімділікті арттырып отырған алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың бірі. Қожалық басшысы Смайл Әуезовтың айтуынша, биыл 230 гектар жерге қытайлық жоғары сапалы мақта шиті себіліп, 10 гектарға көкөніс, 20 гектарға бақша дақылдары егілген. Ең маңызды жаңалық – су тапшылығын болдырмау мақсатында 177 гектар жерге «BNK GROUP» компаниясымен бірлесіп заманауи су үнемдеу технологиясын енгізуі. Бұл технология гектарынан алынатын өнім көлемін 2-2,5 есеге дейін арттырып, еңбек пен қаржыны тиімді жұмсауға мүмкіндік береді.
Смайл Әуезовтың айтуынша, бұл жүйеге кететін орташа шығынның 80 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланып, қалған 20 пайызы шаруаның есебінен жабылады. Мұндай мемлекеттік қолдау ауыл шаруашылығы саласындағы инновациялық қадамдарға жол ашып, Жетісай диқандарының бәсекеге қабілетті өнім өндіруіне жағдай жасап отыр.
Сонымен қатар, Абай ауылдық округіндегі диқан Қайрат Жақыповтың шаруашылығы да өңірдегі заманауи агротехнологияның нақты көрінісі деуге болады. Ол 30 гектар егістік алқаптың 15 гектарына ерте пісетін «Бакинка» сортты қауын, қалғанына мақта егіп отыр. Диқандардың айтуынша, климаттық жағдай мен агротехникалық талаптардың сақталуы нәтижесінде көктемде отырғызылған қауын көшеттері 70 күнде толық пісіп, сатылымға дайын болған. Бұл – диқандардың маусымдық табысын арттырып, нарықтағы сұранысты ертерек қамтуға мүмкіндік береді.
Жетісай өңірінің ауыл шаруашылығындағы қарқынды дамуы инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалармен де үйлесіп отыр. Атап айтқанда, Асықата кентінде жеке кәсіпкердің инвестициялық қаржысы есебінен салынған «Samruk Medical clinic» медициналық орталығы ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсартуға бағытталған ауқымды әлеуметтік жоба. Медициналық орталықта 130 жоғары санатты дәрігер тұрақты жұмыспен қамтылып, балалар мен ересектерге арналған зертханалар, екпе бөлмелері, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған лифтілер, жедел жәрдем көліктері толық жабдықталған. Бұл – ауылдық жердегі медициналық қызметтің сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам.
Орталықтың күндізгі стационарында 10, тәуліктік стационарында 40, терапия бөлімінде 20, травматология бөлімінде 10 төсек-орын қарастырылған. Мұндай орталықтың ашылуы – ауыл халқының өмір сүру сапасын арттырып, еңбек өнімділігінің артуына оң әсерін тигізеді. Өйткені денсаулығы мықты халық – еңбекке қабілетті, өнімділігі жоғары қауым.
Асықатада бой көтеріп жатқан тағы бір маңызды жоба – жеке инвестор есебінен салынатын заманауи теннис орталығы. «SPORT ASSET MANAGEMENT» қоғамдық бірлестігі қолға алған спорт кешені 1 гектар аумақты алып жатыр. Құны 1 млрд теңгені құрайтын кешен бір мезетте 200 адамды қабылдай алады. Жаттығуға арналған екі залдың бірінде 9 теннис үстелі, екіншісінде 3 күрес кілемі, бокс рингі мен жаттығу жабдықтары орнатылған. Бұл – ауыл жастарының салауатты өмір салтын ұстануына, спорттық жетістіктерге жетуіне жол ашатын маңызды нысан. Болашақта мұнда республикалық, халықаралық жарыстарды өткізу жоспарланып отыр.
Ауыл шаруашылығы дамыған өңір үшін ең маңызды инфрақұрылымдардың бірі – ауызсу. Осы орайда, Жетісай ауданында атқарылып жатқан жұмыстар назар аударарлық. Облыс басшысы Серік Мамытовтың тапсырмасына сәйкес, аудандағы 105 елді мекеннің барлығы 100 пайыз орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Қазіргі таңда ауданда 83 су ұңғымасы, 85 су мұнарасы, 24 су сақтағыш талапқа сай жұмыс істеп тұр. Тартылған 1197 шақырым ауыз су құбырының 81,5 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. Бұл – ауыл халқының тұрмыстық жағдайын жақсартып, санитарлық ахуалдың оңалуына әсер ететін үлкен жетістік.
Қорыта айтқанда, Жетісай ауданы тек ауыл шаруашылығымен ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік, спорттық және инфрақұрылымдық дамуымен де ерекшеленіп отыр. Мемлекеттік қолдау мен жеке инвестициялар ауылдық жердің әлеуетін ашып, халықтың әл-ауқатын арттыруға нақты негіз қалап келеді. Ауыл шаруашылығының өркендеуімен қатар, денсаулық сақтау, спорт және таза ауызсумен қамту бағытындағы жұмыстар ауданның дамуында тепе-теңдік сақталуына мүмкіндік беріп отыр. Жетісайдың бүгінгі жетістіктері – ел болашағына жасалған инвестиция.
Пікір қалдыру