АЭС САЛУ — БОЛАШАҚТЫҢ ҚАДАМЫ

АЭС салу мәселесі ұзақ жыл көлемінде болып жатқан әңгіме. Дамыған елдерге қарасақ, солардың көпшілігінде АЭС бар. Олар өткен ғасырдың 80-90 жылдарынан бастап сала бастады. ХХ ғасырда энергияның екі түрін ғана пайдаландық. Бірі – көмір, бірі – мұнай. Ал 90-жылдары әлемде электр энергиясын өндірудің баламалы жолы пайда болды: Жел, күн. Қазір көмір жағып, одан электр энергиясын алатындар жоқтың қасы. Көбі АЭС, су электр стансасы немесе басқа да баламалы көзге ауысқан. Еліміз тұрғындарының саны 18 миллион. Көмірдің де, газдың да қорына баймыз. Біз энергияны су электр стансасынан, жылу электр стансасынан аламыз. АЭС атымен жоқ. Бес жыл бұрын Оңтүстік Корея мен Қазақстан арасында келісім болды. Ол бойынша Оңтүстік Корея Балқаш маңынан жылу электр стансасын салуы керек еді. Екібастұздың көмірін пайдаланатын болды. Бірақ экологиялық зардабы көп болатындықтан, халық шулап, Парламент депутаттарының біразы қарсы шықты. Сөйтіп, ол тоқтады. Алайда жылдан-жылға электр энергиясына сұраныс артып барады.
Еліміз уран қоры бойынша әлемде бірінші орында, өндіру бойынша екінші орында тұр. Бәріміз уранды қару жасауға ғана пайдаланады деп ойлаймыз. Алайда уранды бейбіт жағдайда да пайдалануға болады. Әлі күнге уранды шикізат түрінде сыртқа сатамыз. Бағасы да қымбат емес. Ендігі мәселе – осы шикізатты өңдеу, тауар ретінде сату күн тәртібінде тұр. Бірақ оған мемлекеттің мүмкіндігі жетпей отыр. Шынын айтқанда, қомақты қаржы керек. Сондықтан АЭС салу мәселесі көтеріліп отыр. Бізде уран бар. Оны келешекте көрші Қытайға, Өзбекстанға сатуымызға болады. Экономикалық жағынан тиімді. Бірақ экологиялық жағынан тиімсіз. Оны тиімді ету үшін біз АЭС-ын Ресейдің емес, ең дамыған елдердің технологиясымен салуымыз керек. Ресейдің технологиясын жоғары деңгейде деп айта алмаймын. Жапонияда цунамидің кесірінен АЭС жарылып, экологияға көп мөлшерде зиян келді. Жапония соны ең озық технологиямен салған. Осындай жағдайлар бізді ойландыруы керек. Сондықтан АЭС-тің салынатын орнын айқындауымыз керек. Мысалы, Сарыарқа, Бетбақдала бар. АЭС салынатын жерде халық аз тұруы керек. Бұл – бір. Екіншіден, ең үздік технологиямен салған жөн. Осы екі нәрсе ескерілсе, онда қазақ жеріне атом стансасын салуға болады. Біз атом мен ураннан қорықпауымыз керек. БАҚ-та негізсіз, дәлелсіз ақпарат көп тарап кетті. Әлемдік өркениет көшінен қалмауды біреуі айтпайды. Ерте ме, кеш пе, бізде газ қымбаттайды. Газдың, мұнайдың қоры азаяды. Олар азайса, электр энергиясы қымбаттайды.

 

 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*