ОРТА АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНДА ШЫМКЕНТТІК ОҚУШЫЛАР ЖҮЛДЕЛІ ОРАЛДЫ

Астана қаласында өткен ALEM TECH FEST – 2026 халықаралық фестивалі биыл да жас дарындардың басын қосқан ірі технологиялық алаңға айналды. Әлемнің жеті елінен келген бес мыңнан астам оқушы роботтехника, жасанды интеллект, STEM және инженерлік шығармашылық бағыттары бойынша өз жобаларын ұсынып, білім мен біліктілік деңгейін сынға салды. Халықаралық деңгейдегі бұл шара жас өнертапқыштарға тәжірибе алмасуға, жаңа идеялармен бөлісуге және болашақ технологиялардың бағытын айқындауға мүмкіндік берді.

Фестиваль аясында ұйымдастырылған Central Asia FIRST Championship – 2026 чемпионаты ерекше тартысты өтті. Аталған додада Шымкент қаласындағы №149 мектептің оқушылары жоғары нәтиже көрсетіп, өңір мерейін үстем етті. Команданың тыңғылықты дайындығы мен шығармашылық ізденісі қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.

«Yassi» командасы FIRST LEGO League Explorer санатында өнер көрсетіп, «Күннің үздік презентациясы» номинациясын жеңіп алды. Жас робототехниктер жобаларын сенімді қорғап, техникалық шешімдерінің тиімділігін нақты дәлелдермен көрсете білді. Нәтижесінде команда І дәрежелі кубокпен марапатталып, халықаралық жарыста үздік атанды.

Сонымен қатар оқушылар FIRST LEGO League Discover бағыты бойынша «Археология» тақырыбындағы инновациялық инженерлік жобаларын таныстырды. Олар көне мұраларды зерттеу үдерісін заманауи технология арқылы жетілдіруді мақсат еткен. LEGO конструкторлары мен бағдарламалау элементтерін үйлестіре отырып, археологиялық қазба жұмыстарын қауіпсіз әрі тиімді жүргізуге арналған модель ұсынды. Бұл жоба тарихи жәдігерлерді зақымдамай зерттеуге мүмкіндік беретін тың шешім ретінде бағаланды.

Шымкенттік оқушылардың бұл жетістігі – сапалы білім мен жүйелі еңбектің нәтижесі. Халықаралық аренада топ жарған жас дарындар Қазақстан жастарының ғылыми-техникалық әлеуеті жоғары екенін дәлелдеді. Олардың жеңісі – тек бір мектептің емес, тұтас өңірдің абыройы. Осындай табыстар болашақта еліміздің ғылым мен технология саласындағы дамуына серпін беретіні сөзсіз.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*