Жетісай ауданының жалпы өңірлік өнім көлемі 2024 жылдың қорытындысымен 267,2 млрд теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 83,6 млрд теңгеге артты. Бұл туралы аудан әкімі Серік Мамытов брифинг барысында мәлімдеді.
Аудан экономикасының негізгі драйверлері – ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласы. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 119,4 млрд теңгеге жетсе, өнеркәсіп өндірісі 45,8 млрд теңгені құрады.
Қазіргі таңда Жетісай ауданында 12 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Асықата кентінде 59 гектар аумақта «Жетісай» индустриялық аймағы құрылып, қажетті инфрақұрылыммен толық қамтылған. Биыл бұл аумақта жалпы құны 45 млрд теңгеден асатын жобалардың құрылысы басталады. Олардың қатарында жылына 3 мың тонна сүт өңдейтін «АГРО СҮТ» ЖШС зауыты, 7,5 мың тонна жіп өндіретін «TST JETYSAY TEXTIL» фабрикасы және жылына 50 мың тонна мақта өңдейтін өндіріс орындары бар.
Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 2024 жылы 39,5 млрд теңге болса, 2025 жылы 46,8 млрд теңгеге жетіп, өсім 118,4 пайызды құрады.
Аудан экономикасының басым бөлігін ауыл шаруашылығы саласы құрайды. Агроөнеркәсіптік кешенде 10 мыңға жуық шаруа қожалық жұмыс істейді. Өткен жылы 79,3 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Өнім көлемін арттыру мақсатында 321 шаруашылық 1 500 гектар алқапта екі өнім алу жобасын жүзеге асырды. Сонымен қатар, 5 646 гектар жерге тамшылатып суару технологиясы енгізілді.
Әлеуметтік салада да оң өзгерістер бар. «Келешек мектептері» бағдарламасы аясында соңғы екі жылда 3 мектеп салынды. Асықата кентінде 900 орындық, Ынтымақ ауылдық округінде 600 орындық мектеп пайдалануға берілсе, Жетісай қаласында 1 500 орындық мектептің құрылысы аяқталуға жақын.
Тұрғын үймен қамту бағытында соңғы 3 жылда 240 тұрғын баспаналы болды. Жеке инвесторлар есебінен 64 пәтерлі екі несиелік тұрғын үй салынды.
Инфрақұрылым саласында ауданның 105 елді мекенінің 92-сі табиғи газбен қамтылған. Соңғы үш жылда бұл көрсеткіш 34,2 пайызға артқан. Осы кезеңде 183 шақырым жол орта жөндеуден өтті. Қазіргі таңда аудандық маңызы бар жолдардың 84,4 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Биыл 56 көшеге орташа жөндеу жүргізу жоспарланған.
Аудан толықтай орталықтандырылған ауыз сумен және электр қуатымен қамтамасыз етілген. Денсаулық сақтау саласында өткен жылы 1 дәрігерлік амбулатория мен 6 фельдшерлік-акушерлік пункт салынды. Сонымен қатар, Асықата кенті мен Жаңаауыл ауылдық округінде жеке инвесторлар есебінен жаңа медициналық орталықтар пайдалануға берілді.
Пікір қалдыру