«МЕН ПОЛИЦИЯ БОЛАМЫН» СУРЕТ БАЙҚАУЫ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Түркістан облысы Полиция департаментінің бастамасымен ұйымдастырылған «Мен полиция боламын!» және «Менің ата-анам полицей» атты шығармашылық сурет салу байқауы жас жеткіншектер арасында үлкен қызығушылық тудырды. Байқау — болашақ ұрпақтың бойына құқық қорғау саласына деген құрметті, патриоттық сезімді сіңіру, сондай-ақ олардың тәртіп пен заңға деген қызығушылығын арттыру мақсатында өткізілді.

Аталған шығармашылық сайысқа Патрульдік полиция батальонының қызметкерлерінің 25 баласы қатысып, өз қиялымен салған суреттер арқылы полицей мамандығының қоғамдағы беделін көркем түрде бейнеледі. Әр баланың туындысы — олардың ішкі жан дүниесінің, ата-анасына деген мақтаныштың және отансүйгіштік рухтың көрінісі іспетті болды.

Байқау қорытындысы бойынша ерекше көзге түскен Абай Мариям — І орын, Қалдыбай Балнұр — ІІ орын, ал Сарсен Айсұлу — ІІІ орын иегері атанды. Сонымен қатар барлық қатысушыларға Түркістан облысы Полиция департаменті атынан арнайы алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Бұл олардың шабытын арттырып, болашақта қоғамға пайдалы азамат болуға жетелері сөзсіз.

Шараға Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полиция полковнигі Оспанғазы Жанқожаев, сондай-ақ ардагер полицейлер Есалы Нұржанов, Шаймерден Айтпенбетов, Батырхан Сансызбаев, және ПД Тәрбие және кадр жұмысы басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Шамшат арнайы келіп, жас суретшілердің еңбектерін тамашалап, оларға ақыл-кеңестерін берді.

Ардагерлер жас ұрпаққа полицей болудың жауапкершілігі мен маңызын, бұл мамандықтың тәртіп пен әділдікті сақтау жолындағы маңызын түсіндірді. Сонымен қатар олар «тәртіпке бағыну — ерлікке алғашқы қадам» екенін атап өтіп, балаларды адалдыққа, отаншылдыққа баулыды.

Бұл байқау арқылы балалар полиция қызметінің мәні мен маңызын, қоғамдағы ролін өз көзімен көріп, жүрегімен түйсінді. Олар үшін полицей тек форма киген адам ғана емес, халыққа қорған, әділдік пен қауіпсіздіктің тірегі екенін жақсы түсінді. Осындай байқаулар өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді, жауапкершілікті, сондай-ақ заңға, тәртіпке деген оң көзқарасты қалыптастырады.

Жалпы, соңғы жылдары Түркістан облысында жастар арасында құқық қорғау саласына деген қызығушылық артып келеді. Оған дәлел – жыл сайын кадет сыныптарына, полиция колледждері мен құқық қорғау академияларына құжат тапсыратын түлектер санының ұлғаюы. Бұл қоғамдағы тәртіп пен әділдікке деген сенімнің нығайғанының айғағы.

Түркістан облысы Полиция департаменті алдағы уақытта да осындай танымдық әрі тәрбиелік маңызы жоғары шараларды тұрақты түрде ұйымдастыруды көздеп отыр. Өйткені бүгінгі тәртіпті сүйетін бала — ертеңгі жауапты азамат.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*