ТҮРКІСТАН ПОЛИЦЕЙЛЕРІ МЕН ЖАЗУШЫ ӘКІМ ЫСҚАҚТЫҢ КЕЗДЕСУІ: ӘКЕ БОЛУ – ЖАУАПКЕРШІЛІК ПЕН РУХАНИЯТТЫҢ ҮЛГІСІ

Түркістан облысының тәртіп сақшылары Төлеби ауданында ерекше мағынаға ие рухани іс-шара өткізді. Ел ішінде «Әкелер күні» ретінде белгіленген күнге орай ұйымдастырылған бұл кездесуге танымал жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері, республикалық «Әкелер одағы» қамқоршылық кеңесінің төрағасы Әкім Ысқақ арнайы шақырылды.

Шараның басты мақсаты – полиция қызметкерлерінің қоғамдағы кәсіби рөлін отбасындағы әкелік жауапкершілікпен ұштастырып, отбасы құндылықтарын насихаттау, сонымен қатар рухани тәрбиені дәріптеу арқылы қоғамдық сананы жаңғырту. Бұл бағыттағы жұмыстар тәртіп сақшыларының бейнесін тек қатаң тәртіптің өкілі ретінде ғана емес, қоғамның рухани тірегі, ұрпаққа өнеге болатын әке тұлғасы ретінде көрсетуге бағытталған.

Кездесудің негізгі өзегі – жазушы Әкім Ысқақтың жүрек тебірентерлік «Әкеммен сырласу» атты шығармасы болды. Бұл туындыда әке мен бала арасындағы терең байланыс, ұрпақтар сабақтастығы, тәрбие мен тағылым секілді маңызды тақырыптар қамтылған. Кітаптың мазмұны қатысушыларға үлкен ой салып, рухани терең әсер қалдырды.

Кездесуде сөз алған Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ғалымжан Қуашбаев тәртіп сақшысының тек қызметтік емес, отбасындағы орнын да ерекше атап өтті:

«Полицей – қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуші ғана емес, отбасында әке, балаға ұстаз, ұрпаққа үлгі болатын азамат. Әке болу – тек ұрпақ әкелу емес, оны тәрбиелеу, қоғамға пайдалы азамат етіп қалыптастыру. Бүгінгі кездесудің мәні де, маңызы да – осында», – деді ол.

Полицей мамандығы – ерекше жауапкершілік пен тәуекелділікті қажет ететін сала. Тәртіп сақшылары күн-түн демей, қоғамдағы тыныштық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде алдыңғы шепте қызмет етеді. Олар әрқашан сергек, ширақ, әділетті және төзімді болуы тиіс. Алайда олар да – қарапайым адам. Қызметтен тыс уақытта – әке, отбасының тірегі, бала тәрбиесіне үлес қосушы тұлға.

Өз кезегінде қаламгер, жазушы Әкім Ысқақ та полиция қызметкерлеріне жүрекжарды лебізін білдіріп, олардың қоғамдағы рөліне жоғары баға берді:

«Сіздер – елдің тыныштығын күзететін ғана емес, ұрпаққа үлгі болатын жансыздар. Қоғам сіздерге қарап бой түзейді. Сондықтан әрбір ісіңіз – ерлікке пара-пар. Шен тағу – тек мәртебе емес, үлкен жауапкершілік. Ал жауапкершілікті арқалап жүрген ер азамат – нағыз тұлға», – деді ол.

Бұл кездесуде полицейлер тек шығармашылық кешке қатысумен шектелмей, кітаптан алған әсерлерімен бөлісіп, отбасыдағы әкелік рөл туралы өз ойларын ортаға салды. Көпшілік қызметтің қаншалықты ауыр әрі жауапты екенін мойындай отырып, рухани қуат пен шабыт алғандарын жасырмады. Олар үшін бұл шара тәрбие мен өнегені ұштастырған, жан дүниені байытқан тағылымды басқосу болды.

Қоғамдағы тұрақтылық пен тәртіп – тек заңмен ғана емес, адами қарым-қатынас пен рухани тәрбие арқылы қалыптасады. Осы орайда, полиция қызметкерлерінің де адами келбетін, ішкі жан дүниесін танып, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Міне, осындай кездесулер тәртіп сақшыларының рухани байлығын арттырып, қызмет пен отбасындағы үйлесімділікті нығайтады.

Аталған  кездесудің тәрбиелік мәні орасан зор болды. «Әкелер күні» аясында ұйымдастырылған шара полиция қызметкерлерінің тұлғалық болмысын, отбасындағы және қоғамдағы рөлін тереңірек ашып, олардың өміріне жаңа серпін берді. Осындай игі істер полицейлерге деген қоғамдық сенімді арттырып, оларды жаңа биіктерге жетелейтіні сөзсіз.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*