ШЫМКЕНТТЕ «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА КЕЗЕКТІ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯ ӨТТІ

Шымкент қаласында қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасып келеді. Соның бір дәлелі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен республика көлемінде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы. Аталған бастама аясында Шымкентте кезекті жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылып, тұрғындар мен мекеме қызметкерлері, жастар және волонтерлер бірлесіп қаланы тазартуға шықты.

Бұл жолғы экологиялық акция табиғатты қорғау мен қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған ғана емес, сонымен қатар тұрғындар арасында экологиялық тәрбие мен аумаққа жанашырлық көзқарасты қалыптастыруды мақсат етті. Қала тұрғындарының белсенділігі мен қоғамдық ұйымдардың қолдауы сенбіліктің нәтижелі өтуіне сеп болды.

Шара барысында қаланың барлық бес ауданында ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілді. Көшелер мен аулалар, саябақтар мен қоғамдық орындар күл-қоқыстан аршылып, қалдықтар арнайы полигондарға шығарылды. Мәселен, Әл-Фараби ауданына қарасты Терiскей шағын ауданындағы №33, 35 және 37 тұрғын үйлердің аулалары абаттандырылып, балалар ойын алаңдары мен жасыл аймақтар ретке келтірілді. Коммуналдық қызмет өкілдері мен тұрғындардың бірлескен еңбегі нәтижесінде көпқабатты үйлер маңы тазарып, жаңа келбетке ие болды.

Абай ауданында Ақжайық шағын ауданындағы Асфендияров көшесінің бойы тазартылды. Бұл аумақтағы жұмыстарға жергілікті белсенді азаматтармен қатар, жастар да жұмылдырылып, көпшілікке үлгі боларлық ынтымақ танытты. Еңбекші ауданында №30 мектептің айналасы қоқыстан тазартылып, мектеп аумағы мен жақын маңдағы жасыл аймақтарға күтім жасалды. Қаратау ауданының Нұртас шағын ауданында орналасқан Кеңжарық және Құлагер көшелері толықтай күл-қоқыстан аршылып, жаяу жүргіншілер жолдары мен көгалдандырылған аумақтарға назар аударылды. Ал Тұран ауданында Темірлан тас жолының бойындағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларына санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді.

Сенбілікке қатысқан азаматтардың пікірінше, мұндай шаралар қоғамда ауызбіршілік пен ортақ жауапкершілік сезімін арттырады. Бұл бастама тек тазалықты сақтаумен шектелмей, тұрғындар арасындағы өзара сыйластық пен ынтымақтастықты нығайтуға сеп болады.
— Табиғат – болашақ ұрпаққа аманат. Әрбір көше мен аула, саябақтың таза болуы – өзімізге де, ертеңгі күнге де қажет. Осындай сенбіліктер арқылы біз қаламыздың экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, қоғам мүшелерін ортақ іске жұмылдырамыз, – дейді акцияға қатысқан белсенді тұрғындардың бірі.

Аталған экологиялық шараға Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының бастамасымен көптеген еріктілер қатысты. Жастар сенбілікке белсенді араласып, қоғамдық орындарды тазарту жұмыстарына өз үлестерін қосты. Олар өз қатарластарын да осындай игі істерге үн қосуға шақырды. Волонтерлік қозғалыс экологиялық мәдениетті қалыптастырудың тиімді жолына айналып отыр.

Қалалық әкімдік пен коммуналдық қызметтердің үйлесімді жұмысының арқасында тазалық шарасы жоғары деңгейде өтті. Қоғам өкілдері, мекеме қызметкерлері, оқушылар мен студенттер бұл шараға зор ынтамен қатысып, туған қаласының көркеюіне атсалысты.

Жалпы алғанда, Шымкент қаласы тұрғындары «Таза Қазақстан» бағдарламасының нақты нәтижелерін өз көздерімен көріп отыр. Қалада тазалыққа деген көзқарас едәуір өзгеріп, экологиялық мәдениет қалыптаса бастады. Тұрғындар қоршаған ортаға ұқыппен қарауға, өз аулаларын таза ұстауға және табиғатты аялауға бет бұрған. Бұл үрдіс қала экологиясын жақсартумен қатар, азаматтар арасында өзара қолдау мен жауапкершілікті арттыра түсуде.

«Тазалық – иманның жартысы» деген дана сөз тегін айтылмаған. Шымкентте өткен бұл сенбілік шарасы тек қаланың келбетін жақсартумен шектелмей, тұрғындарды ортақ іске біріктіріп, туған жерді таза ұстауға, экологиялық сауаттылықты арттыруға үлкен серпін берді. Осындай акциялар алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіліп, қоғам мүшелерінің белсенді қатысуымен жалғасын табатын болады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*