Мұхтар Әуезов атындағы университетте жастар құқықтық мәдениет пен қауіпсіздік мәселелерін талқылады

желіден алынған

Шымкент қаласында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде «Егеменді ел – жарқын болашақ» атты маңызды кездесу өтті. Іс-шара жастардың құқықтық санасын көтеруге, оларды заманауи қауіп-қатерлерден қорғауға және азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға арналды.

Жиынға бірнеше сала мамандары шақырылды. Олардың қатарында Шымкент қаласы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Қабыл Сұлтан Абзалұлы, Дін істері басқармасы жанындағы Дін мәселелерін зерттеу орталығының теологы Шамуратов Алихан Дилмуратұлы, Әл-Фараби ауданы прокурорының орынбасары Төлегенов Сәбит Төлепбергенұлы, аудан прокуратурасының прокуроры Алимбеков Асқар Тұрдымұратұлы, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері, генерал Исабеков Ақжігіт Қалтайұлы бар.

Кездесу барысында жастарға бірнеше өзекті тақырыптар қозғалды. Олардың ішінде интернет-алаяқтық пен киберқылмыстың көбеюі, құмар ойындарға тәуелділік – лудомания, құқық бұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ кереғар діни ағымдардың ықпалына қарсы тұру мәселелері бар. Сарапшылар нақты мысалдар келтіріп, қоғамда жиі кездесетін қауіптердің табиғатын түсіндіріп, олардан сақтанудың жолдарын көрсетті.

Полиция өкілі Қабыл Сұлтан Абзалұлы жастарға интернет кеңістігінде сақ болудың маңызын түсіндірді. Оның айтуынша, киберқылмыс түрлері жылдан-жылға артып келеді, ал алаяқтар көбіне жастарды нысанаға алады. Сондықтан жеке деректерді қорғау, күмәнді сілтемелерден аулақ болу және қаржылық операцияларда сақтық таныту әр азамат үшін басты талап болуы тиіс.

Теолог Алихан Дилмуратұлы кереғар діни ағымдардың жастарға тигізетін ықпалы туралы айтты. Ол діни сауаттың төмендігі мен әлеуметтік желілер арқылы таратылатын жалған ақпараттардың қауіптілігін атап өтіп, жастарды сенімді дереккөздерге жүгінуге шақырды.

Ал прокуратура өкілдері жастар арасында жиі кездесетін құқық бұзушылық түрлеріне тоқталып, оның салдары туралы егжей-тегжейлі түсіндірді. Заңға қайшы әрекеттердің тек әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке ғана емес, сонымен қатар болашақ мансапқа, жеке өмірге де кері әсерін тигізетінін жеткізді.

Генерал Ақжігіт Исабеков өз сөзінде ел тәуелсіздігі мен ұлттық қауіпсіздікті сақтауда жастардың рөліне ерекше мән берді. Оның айтуынша, болашақ мамандар тек кәсіби білікті ғана емес, сонымен бірге құқықтық мәдениеті жоғары, мемлекетшіл көзқараста болуы тиіс.

Кездесу интерактивті форматта өтті. Студенттер өздерін толғандырған сұрақтарды қойып, мамандардан нақты жауап алды. Мұндай ашық диалог жас буынның құқықтық мәдениетін арттыруға, сенімді ақпарат алуға және қоғамдағы орнына жауапкершілікпен қарауға мүмкіндік береді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Егеменді ел – жарқын болашақ» жобасы жастардың санасына құқықтық тәрбие беріп қана қоймай, олардың ой-өрісін кеңейтіп, азаматтық жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Бұл шара жастардың еліміздің болашағына бейжай қарамайтын белсенді азамат болып қалыптасуына септігін тигізбек.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*