АБАЙ АУДАНЫ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ 2025 ЖЫЛДЫҢ АЛТЫ АЙЫН ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ

2025 жылдың 9 шілдесінде Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Мылтыков Улықбек Тұрғұнұлының төрағалығымен Абай ауданы Полиция басқармасының ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарған жұмыстары бойынша жедел кеңес өтті.

Кеңесте басқарманың 6 ай көлемінде жүзеге асырған іс-шаралары мен негізгі бағыттары сараланып, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыспен күрес салаларындағы нәтижелер жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігімен 2025 жылға арналып жарияланған «Профилактика жылы», сондай-ақ 2025–2030 жылдарға арналған «Заң және Тәртіп» мемлекеттік тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған іс-шаралардың орындалу барысы бойынша ақпарат ұсынылды.

Жиын барысында Абай ауданы Полиция басқармасы бастығының орынбасарлары нақты бағыттар бойынша есеп беріп, жедел ахуалға қатысты өзекті мәселелерге тоқталды. Кеңесте талқыланған басты тақырыптардың бірі – қылмыстың алдын алу және оны болдырмау шаралары, учаскелік инспекторлардың тиімді қызметі, қоғамдық тәртіпті сақтау, әкімшілік құқық бұзушылықтарды азайту, жастар арасындағы құқықтық тәртіпті нығайту болды.

Есептік мерзім ішінде басқарма қызметкерлерімен қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында кешенді жұмыстар жүргізілген. Атап айтқанда:

  • Тұрғын үй секторларында 500-ден астам профилактикалық іс-шара өткізілді;

  • Қоғамдық орындарда және көшелерде жасалатын құқық бұзушылықтар саны едәуір азайғаны байқалды;

  • Абай ауданындағы учаскелік полиция инспекторлары 800-ден астам азаматпен түсіндіру және ескерту жұмыстарын жүргізді;

  • 150-ге жуық азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, заң талаптары түсіндірілді;

  • Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлармен бірлесе отырып, жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған 60-қа жуық кездесу, лекция, дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, жедел кеңесте Департамент бастығы полиция полковнигі Н.Алмасбековтың алдағы кезеңге қойған нақты тапсырмалары мен міндеттері жеке құрамға жеткізілді. Ол қылмыстың алдын алуда тұрғындармен тығыз байланыс орнату, полиция жұмысының ашықтығын арттыру және азаматтардың құқықтық сауаттылығын көтеру сынды басым бағыттарға баса назар аударуды тапсырды.

Полиция басқармасы тарапынан жергілікті тұрғындармен кері байланысты күшейту, халықпен тығыз қарым-қатынас орнату және профилактикалық іс-шаралар өткізу тұрақты түрде жалғасып келеді. Бұл – құқықтық мәдениетті арттырып, қылмыстың алдын алуға және қоғамдық сенімді нығайтуға мүмкіндік береді.

Жиын қорытындысында полиция полковнигі Улықбек Мылтыков барлық басқарма қызметкерлеріне нақты тапсырмалар беріп, қызметтік тәртіп пен жауапкершілікті арттыру қажеттігін атап өтті.

Абай ауданы Полиция басқармасы алдағы уақытта да құқықтық тәртіпті сақтау, қылмыстың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыра бермек.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*