«КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЗИЯТКЕРЛІК БОЛАШАҒЫН ҚАЛЫПТАСТЫРАТЫН ҰЛТТЫҚ ЖОБА

Қыркүйек айында Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласында бастау алған «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасының алғашқы кезеңі табысты аяқталды. Бұл – еліміздің рухани және зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды мәдени-ағартушылық бастама. Жобаның негізгі мақсаты – елімізде тұрақты оқу мәдениетін қалыптастыру, кітапты білім мен тұлғалық дамудың басты құралы ретінде дәріптеу, сонымен қатар жастар мен ересектердің бойында сыни ойлау, жауапкершілік және патриоттық құндылықтарды дамыту.

«Кітап оқитын ұлт» жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың III отырысында айтқан бастамасы аясында іске асырылып отыр. Президент Қазақстан халқын кітап оқуға баулу арқылы рухани және мәдени жаңғыруға жол ашу керектігін баса айтқан болатын. Жобаның түпкі мақсаты – Қазақстанды әлемдегі ең көп кітап оқитын 10 елдің қатарына шығару.

Бір айға созылған алғашқы кезеңде үш аймақтан барлығы 189 221 адам қатысуға өтінім берді. Атап айтқанда, Қарағанды облысынан – 67 438, Қостанай облысынан – 55 281, ал Шымкент қаласынан 66 502 азамат жобаға ниет білдіріп тіркелді. Бұл – жобаға деген қызығушылық пен сенімнің жоғары екенін көрсетеді.

Қатысушылардың жас ерекшелігі мен әлеуметтік санаттары да әртүрлі:

  • 87 157 оқушы (6-10 сынып);

  • 14 049 педагог;

  • 2 388 мемлекеттік қызметші;

  • 36 553 отбасы;

  • 29 085 колледж және ЖОО студенті жобаға белсенді түрде қосылды.

Жобадағы басты ерекшеліктердің бірі – алты негізгі санат бойынша жарыс ұйымдастырылуы. Олар:

  • «Кітап оқитын мектеп»

  • «Кітап оқитын педагог»

  • «Кітап оқитын әулет»

  • «Кітап оқитын колледж»

  • «Кітап оқитын университет»

  • «Кітап оқитын мемлекеттік қызметкер»

Бұл санаттар бойынша қатысушылар арнайы құрылған комиссия бекіткен 15 кітаптан тұратын тізімді оқуы тиіс. Тізім жас ерекшеліктеріне, кәсіби бағыттылығына және қызығушылықтарына бейімделіп әзірленген. Онда қазақ әдебиетінің үздік туындылары, әлемдік бестселлерлер, отандық жазушылар шығармалары, сондай-ақ патриотизм, отансүйгіштік, сыни ойлау мен тұлғалық даму сынды құндылықтарды насихаттайтын кітаптар қамтылған. Тізімге енген шығармалардың бір бөлігі – «Қазақстан әдебиетінің 100 танымал кітабы» ұлттық жобасы арқылы таңдалған.

Әр санат бойынша ереже мен кітаптар тізімі www.reading-nation.kz сайтында ашық түрде жарияланған. Қатысушылар осы сайт арқылы өз нәтижелерін тіркеп, жобаның екінші кезеңіне дайындық жүргізеді.

Шымкент қаласы бойынша «Кітап оқитын ұлт» жобалық кеңсесінің жетекшісі Ақан Бесбаев аталған жобаның қала тұрғындарына беріп жатқан рухани серпіні жайлы былай деді:
– Қаламызда қолға алынған бұл бастама тұрғындардың рухани өміріне тың тыныс беріп, білім мен мәдениетке деген қызығушылықты оятуда. Әсіресе жастардың белсенділігі мен қызығушылығы ерекше қуантады. Олар кітапты тек оқу материалы ретінде емес, ой еркіндігі мен жан-жақты дамудың маңызды құралы ретінде бағалауда. Бұл – еліміздің болашағы үшін аса құнды тенденция.

Жоба аясында Шымкент қаласындағы мектептерде, кітапханаларда, жоғары оқу орындарында арнайы іс-шаралар, кітап оқушылармен кездесулер, әдеби кештер ұйымдастырылды. Бұл жұмыстар әрі қарай да жалғасын табады.

«Кітап оқитын ұлт» жобасын «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры «AMANAT» партиясының және Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласы әкімдіктерінің қолдауымен жүзеге асырып жатыр. Жобаның бас демеушісі – Alageum Electric компаниясы.

Жобаның қорытынды кезеңі 2026 жылдың сәуір айында өтеді деп жоспарланған. Жеңімпаздар мен белсенді қатысушылар арнайы марапатталып, олардың үлгісі елге насихатталатын болады. Бұл – тек байқау емес, ұлттың зияткерлік және рухани жаңғыруына жол ашатын, жас буынды тәрбиелейтін үлкен мәдени қозғалыс.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*