
2025 жылғы 23 тамызда Шымкент қаласында экологиялық мәдениетті арттыру және қоршаған ортаны қорғау мақсатында «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауқымды жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды. Қала тұрғындары үшін бұл шара – тек санитарлық тазалық жұмысы ғана емес, сонымен бірге қоғамның ортақ жауапкершілігін сезінуге бағытталған бастамаға айналды.
Сенбілікке барлығы 3 755 адам қатысты. Оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер, білім және денсаулық сақтау саласының мамандары, жастар ұйымдары, ПИК өкілдері, белсенді тұрғындар мен еріктілер бар. Қаланың әр ауданында сенбілікке қатысушылар көшелер мен аулалардағы қоқысты жинап, қураған ағаштар мен бұталарды кесіп, шөп шауып, ағаш діңдерін әктеп, гүлзарлар мен саябақтарда көгалдандыру жұмыстарын жүргізді.
Тазалық жұмыстарының нәтижесінде қаланың әр түкпірінен барлығы 172 тонна тұрмыстық және құрылыс қалдықтары шығарылды. Бұл көрсеткіш – қала тұрғындарының белсенділігін, қоршаған ортаға деген жанашырлығын айқын дәлелдейді.
Аудандық көрсеткіштер төмендегідей:
-
Абай ауданы — 445 адам, 16 техника, 28 тонна қалдық;
-
Әл-Фараби ауданы — 499 адам, 30 техника, 41,7 тонна;
-
Еңбекші ауданы — 1532 адам, 33 техника, 15,7 тонна;
-
Қаратау ауданы — 704 адам, 25 техника, 42,1 тонна;
-
Тұран ауданы — 575 адам, 32 техника, 44,5 тонна.
Жалпы алғанда, тазалық жұмыстарына 136 арнайы техника жұмылдырылды. Бұл – жүк көліктері, тиегіштер, су шашатын машиналар және басқа да қажетті құралдар.
Шараға қатысқан азаматтардың айтуынша, мұндай сенбіліктер қаланы таза ұстаумен қатар, тұрғындардың бірлігі мен ортақ жауапкершілігін күшейтеді.
Қаратау ауданының тұрғыны:
«Біз бұл сенбілікке отбасымызбен бірге келдік. Балаларымызға өз үйімізді ғана емес, бүкіл қаламызды таза ұстау әрқайсымыздың міндетіміз екенін көрсеткіміз келді», – деді.
Сенбілікке қатысушы тағы бір азамат:
«Мұғалімдермен, дәрігерлермен, студенттермен және көршілерімізбен бір қатарда жұмыс істеп, біз ортақ істің бәрімізге ортақ екенін сезіндік», – деп пікір білдірді.
Аталған акция 2029 жылға дейінгі «Таза Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатындағы Шымкент қаласының кешенді жоспарына сәйкес өтуде. Бұл бағдарлама қаланың санитарлық жағдайын жақсартумен қатар, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатқа деген жанашырлықты арттыру, қалдықтарды қайта өңдеу мен сұрыптау мәдениетін енгізу сияқты маңызды бағыттарды қамтиды.
Шымкент қаласының әкімдігі мен жауапты мекемелер алдағы уақытта мұндай сенбіліктерді тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр. Себебі бұл – қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді жолы.
«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы сенбілік – тек бір күндік жұмыс емес, үлкен экологиялық қозғалыстың бір бөлігі. Қала тұрғындарының осындай шараларға белсенді қатысуы – Шымкенттің таза, көрікті және жайлы қала болуына бағытталған нақты қадам. Әр азамат тазалықты өз ауласынан бастап, айналасына үлгі бола білсе, экологиялық мәдениет те, қоршаған орта да жаңаратыны сөзсіз.
Пікір қалдыру