МЕДИАЦИЯ – ТАТУЛЫҚ ТІРЕГІ: ШЫМКЕНТТЕ ЭТНОМЕДИАЦИЯҒА АРНАЛҒАН ФОРУМ БАСТАЛДЫ

Шымкент қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Елдесу және татуласу» жобасы аясында «Медиация – татулық тірегі» атты екі күндік форум өз жұмысын бастады. Бұл шараның негізгі мақсаты – жергілікті медиаторлардың кәсіби тәжірибесін арттыру арқылы этномедиацияның әлеуетін дәріптеу, сондай-ақ қоғамдағы дау-дамайды тиімді реттеудің үздік тәжірибелерімен бөлісу болып табылады.

Форум жұмысына қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшылығы, қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, құқық қорғау органдары мен әділет департаментінің өкілдері, кәсіби медиаторлар, мектеп психологтары, сондай-ақ этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылымдардың мүшелері қатысты.

Іс-шараның ашылуында Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Заңғар Үсіпахметов сөз сөйлеп, форумның қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты сақтаудағы маңызын атап өтті. Ол өз сөзінде этномедиация институтының рөлін күшейтудің бүгінгі күннің өзекті талабына айналғанын жеткізді.
– Өркениетті қоғамның басты шарты – заңның үстемдігі мен құқықтың салтанат құруы. Медиация – тараптарды татуластырып, өнбес даудың өріс алуына жол бермейді. Мемлекет басшысының этномедиацияны әрі қарай дамыту ісін Қазақстан халқы Ассамблеясына жүктеуі – уақыт талабынан туындап отыр, – деді Заңғар Нышанбекұлы.

Форумның алғашқы күні қатысушылар Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Абай облысы бойынша филиалының директоры, кәсіби медиатор Әсет Абжақовтың мазмұнды баяндамасын тыңдады. Сарапшы өз сөзінде медиация саласындағы заманауи тәсілдер мен этномедиация тәжірибесін жетілдіру жолдарына тоқталды. Сонымен қатар академия өкілі, кәсіби медиатор Гүлжан Қожахметова қатысушыларға дау-жанжалды шешудің тиімді модельдері мен медиатордың кәсіби этикасы туралы практикалық дәріс өткізді.

Форумның жалғасы 22 қазанда Шымкент қаласындағы Ж.Тәшенов университетінің «М.Байғұт атындағы студенттер үйі» ғимаратында өтеді. Бағдарламаға сәйкес кәсіби медиаторлар этномедиацияны дамыту бағытында дәрістер оқып, өз тәжірибелерімен және тиімді тәсілдерімен бөліседі. Іс-шара соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталмақ.

«Медиация – татулық тірегі» форумының өтуі қоғамдағы келісім мен бірлікті нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Бұл бастама Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық тарихында этносаралық татулық пен қоғамдық тұрақтылықты сақтауда медиация институтының маңызын айқын көрсетті.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*