
Адамзат тарихына зер салсақ, кез келген мемлекеттің гүлденуі ең алдымен ел ішіндегі татулық пен өзара түсіністікке тәуелді болғанын аңғарамыз. Себебі бірлігі жоқ елдің іргесі әлсіреп, жетістігі ұзаққа бармайтыны – тарихи шындық. Қоғамдағы тұрақтылық – тек экономикалық өсімнің емес, әлеуметтік даму мен халықаралық аренадағы беделдің де басты кепілі.
Бүгінде әлемнің түрлі аймақтарында алауыздық салдарынан тығырыққа тірелген елдер аз емес. Бірінде этносаралық шиеленіс өршіп жатса, екіншісінде діни алауыздық қоғамдық тұрақтылықты шайқалтқан. Осындай күрделі жағдайда Қазақстанның бейбітшілік пен келісімді мемлекеттік саясаттың өзегіне айналдыруы – ел болашағын ойлаған көреген шешім болды.
Қазақ халқының қонақжайлығы мен дархандығы, қиын-қыстау замандарда тағдырдың тәлкегіне түскен өзге этнос өкілдерін бауырына басып, қамқор бола білуі – бүгінде қоғамымызда қалыптасқан өзара сенім мен сыйластықтың берік іргетасы. ХХ ғасырдың ауыр депортация жылдарында мыңдаған этнос өкілі қазақ жерінен пана тауып, жаңа өмірге қадам басты. Бұл – достық пен бауырмалдықтың баға жетпес үлгісі.
Достық – адамдарды ортақ мұрат жолында біріктіретін, сенімді нығайтатын, ұлт пен ұлысты жақындастыратын киелі ұғым. Әсіресе көпэтносты Қазақстан үшін оның маңызы зор. Бүгінде елімізде 130-дан астам этнос өкілі бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, ортақ Отанның дамуына өз үлесін қосып келеді. Бұл – бірліктің ұлы күш екенін дәлелдейтін жарқын көрініс.
Тәуелсіз Қазақстанның толайым табыстары – елордамыздың бой көтеруі, экономиканың қарқынды дамуы, халықаралық аренадағы абыройымыз – барлығы да ел ішіндегі тұрақтылық пен ынтымақтың жемісі. Ынтымақ жоқ жерде даму да болмайды, ал береке-бірлігі жарасқан елде әр азаматтың еңбегі ел болашағына қызмет етеді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы – этносаралық келісім мен қоғамдық татулықтың бірегей тетігі. Бұл құрылым елдегі барлық этнос өкілдерінің мәдениетін сақтауға ғана емес, олардың ел дамуына белсенді араласуына жағдай жасап отыр. Бүгінде әлем елдері Қазақстанның бұл тәжірибесін бейбітшілік пен бірліктің озық үлгісі ретінде мойындап отыр.
Саяси жүйе өзгеруі мүмкін, экономикалық жағдай құбылуы ықтимал. Бірақ достық пен ынтымақ – уақыт сынынан сүрінбей өтетін мәңгілік құндылықтар. Олар ғасырлар бойы маңызын жоймай, керісінше, әр буын үшін бағасы арта түсетін асыл мұраға айналады. Сондықтан қоғамдағы бірлікті сақтау – келешекке сенімді қадам, ал достықты дәріптеу – бейбіт өмірді нығайтудың кепілі. Бұл – әр азаматтың ортақ борышы.
Пікір қалдыру